Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында ақбөкендердің саны 28 мыңға жеткен
Мамандар биылғы төлдеу кезінде де киіктердің өсімі болатынын болжап отыр

Маңғыстау мен Ақтөбе облыстарында ақбөкендердің саны 28 мыңға жеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Үстірт таралымы Маңғыстау және Ақтөбе аймақтарын қамтиды. Сондықтан, жылда киіктердің өңірде кездесуі тікелей жердің құнарлылығына байланысты болып отыр. Қорғау жұмыстарының нәтижесінде Үстірт популяциясының саны бірнеше есе өскен. Мәселен, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарында өткен жылғы санақ бойынша ақбөкендердің саны 28 мыңға жеткен», - деді Маңғыстау облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Ғаббас Досатов.
Сондай-ақ, мамандар биылғы төлдеу кезінде де киіктердің өсімі болатынын болжап отыр.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында сәуірдің 15-і мен мамырдың 15-і аралығы «Киік-2023» шарасы өтеді. Ол киіктердің төлдейтін уақытына орайластырылып ұйымдастырылады. Бір ай бойы киік аңына броконьерлік жасау және сату бойынша ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңсыз әрекеттері күшейтілген режимде арнайы құқық қорғау орган қызметкерлерінің қатысуымен анықталады.