Франциялық бақылаушылар: Қазақстандағы сайлау демократиялық принциптерге сай өтіп жатыр
Бақылаушылар таңертең 4 сайлау учаскесінде болып үлгерген
Алматыда сайлау барысын халықаралық байқаушылар бақылап, аралап жүр. Франциядан келген сарапшылар халықтың дауыс беру барысына баға беріп, пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Франция Республикасы Сенатының депутаты, «Франция – Орталық Азия» достық тобының төрағасы Эрве Морэнің айтуынша, Қазақстандағы сайлау процесі ашық және барлық демократиялық принциптерге сәйкес өтіп жатыр.
Бақылаушылар таңертең 4 сайлау учаскесінде болып үлгерген. Айтуларынша, әзірге ешқандай заң бұзушылықтарды байқамаған.
«Жалпы, таңертең әртүрлі сайлау учаскелерінде қажетті құрал-жабдықтардың бар екенін байқадым деп айта аламын. Яғни тізімге тіркелген сайлаушыларға сайлау бюллетені беріледі, ол мөрленген жәшікке тасталады», - деп атап өтті халықаралық сарапшы.
Франция Республикасы Сенатының депутаты, «Франция – Орталық Азия» достық тобының мүшесі Арно де Бельнэ де ойымен бөлісті.
«Дауыс берушілердің жүздері күлімдеп, ашық-жарқын жүр, қосымша айта кететін болсам, Францияда шетелдік бақылаушыларға мұндай ашықтық пен жанашырлық жоқ. Физикалық құрылымы жағынан бәрі ұқсас, мен өзім үшін әртүрлі партияларды таныстыратын бақылаушылардың тұрақты түрде болғанын байқадым, бұл – ашықтық көрсеткіші. Әрбір партия бұл процесті мүмкіндігінше бақылайды», - деп толықтырды ол.
Сарапшылар Алматыдағы өзге де сайлау учаскелеріне барып, жағдайды көздерімен көрмек.