Жекеменшік зертханалар қосымша рұқсатсыз COVID-19 вирусын анықтауға диагностика жасай алады
Патогенділіктің III-IV тобы микроорганизмдерімен жұмыс істеуге мүмкіндігі бар зертханалар зерттеу жүргізе алады
Жекеменшік зертханаларға Денсаулық сақтау министрлігінің қосымша рұқсатынсыз коронавирустық инфекцияны анықтау үшін диагностика жасауға мүмкіндік берілді. Бұл туралы Azattyq Ruhy Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Кедергілерді анықтау және жою жөніндегі кеңестің қызметі шеңберінде ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі коронавирустық инфекцияны диагностикалаудың жеке зертханаларының жүргізуіне шектеу түрінде әкімшілік тосқауылды анықтап, жойды.
«ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2015 жылғы 15 қазандағы № КР-ДСМ 105 санитариялық қағидаларына, коронавирустық инфекцияға сәйкес патогенділіктің II тобына жатқызылып, онымен тек мемлекеттік ұйымдарға жұмыс істеуге рұқсат етілген еді. «Биологиялық қауіпсіздік туралы» ҚР Заңы шеңберінде патогенділіктің II тобы аса қауіпті инфекциялардың қоздырғыштары және жұқпалы аурулардың қоздырғыштары болып бөлінеді. Бұл ретте, пандемия кезеңінде жеке зертханалар уәкілетті органның уақытша рұқсаты болған кезде осы инфекцияны диагностикалау қызметтерін көрсете алады», - делінген хабарламада.
2022 жылғы 11 қарашада ҚР Үкіметінің № 895 қаулысымен патогендік биологиялық агенттердің жіктелуін және қауіптілік дәрежесін ескере отырып, Патогендік биологиялық агенттердің тізбесі бекітілді. Оған сәйкес SARS-CoV-2 патогенділіктің II тобының инфекциялық ауруларының қоздырғыштарына жатқызылып, бұл патогенділіктің III-IV тобының микроорганизмдерімен жұмыс істеуге мүмкіндігі бар зертханаларда зерттеулер жүргізуге рұқсат беріліп келген болатын.
Осылайша, аталмыш әкімшілік тосқауыл жойылды. Аталған құқықтық актілерге сәйкес жеке зертханаларға уәкілетті органның рұқсатынсыз коронавирустық инфекцияны диагностикалауға жол берілді.