$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Болашағы жоқ»: СҚО-да 120-дан аса ауыл жойылып кетуі мүмкін бе?

Өңірде соңғы 3 жылда 33 ауыл таратылды

«Болашағы жоқ»: СҚО-да 120-дан аса ауыл жойылып кетуі мүмкін бе?

Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар саны 50 адамға да жетпейтін 123 ауыл бар. Бұл елдімекендер «болашағы жоқ» санатына жатқызылған. Демек, олар көп ұзамай картадан сызылуы мүмкін. Иесіз жер жау шақырады демекші, елдің шетінде, желдің өтінде тұрған елдімекендердің таратылуы мемлекет үшін қауіпті екенін ұмытпаған абзал. Мәселен, соңғы үш жылда өңірде 33 ауыл жойылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«ТӨРТ ТҮЛІК – ЖАЛҒЫС ТАБЫС КӨЗІ»

Теріскейде 635 ауыл бар. Тұрғындар саны 50-ге де жетпейтін 123 елдімекен біртіндеп таратылмақ. Солардың бірі – Алқа. Облыс орталығы Петропавл қаласынан небәрі 80 шақырым қашықтықта орналасқан. Ауылда әзірге жарық бар, ауыз суды 40 шақырым жерден тасып ішіп отыр.

Бақыт Құсайынова көп жылдан бері осы ауыла тұрып жатыр. Мектепте математика пәнінен сабақ берген. Оқушы саны азайып, білім ошағы жабылғанда өзге әріптестері сияқты жұмыссыз қалған. Содан бері отбасымен бірге мал бағып, күнелтіп отыр. 

«Жұмыс іздеп, сұрастырып көрдік. Жасымыз зейнетке жақындап қалды, ешкім алғысы келмейді. Содан ауылда отырмыз. Ең басты проблема – ауыз су. Жолды тазалап тұрады. Біреу келетін болып хабарласса «су әкел» дейміз. Осылайша, бізге қонақтар тіршілік нәрін ала келеді. Жаз бойы Қарағаш ауылынан тасимыз. Қыста аудан орталығынан», - дейді Бақыт Құсайынова.

Ауылда 8 тұрғын өмір сүріп жатыр. Әр үйде техника бар. Қысқы мал азығын өздері дайындайды, жазда бірлесіп бағады. Бір кездері ауылда жұмыс істеп тұрған мәдениет үйі, медициналық пункт, дүкен мен басқа да нысандардың ізі де қалмаған. 

«Бірінші мектеп жабылды. Жастарға балаларын оқыту керек. Ақырындап олар да көшіп кетті. Қыста Алқа ауылының жолын тазалап тұрамыз. Таза судың жоғы рас. Бұл енді шешілетін мәселе деу қиын. Тұрғындар өтінгеннен кейін ауылдың көшелеріне шамдар орнаттық. Талап бойынша қирап тұрған үйлердің барлығы сүрілуі керек. Әйтпесе, олар адамға қауіп төндіреді», - дейді ауылдық округ әкімі Сәлім Жолтанов. 

Заречный ауылдық округінің құрамында 7 ауыл бар. Соның біреуі толық тарап кетсе, біреуінде жалғыз адам тұрып жатыр. Тағы бірі - төрт үйлі Алқа. 

ЖАСТАРДЫҢ АУЫЛҒА КЕЛГІСІ ЖОҚ

Мектеп – ауылдың жалғыз тірегі. Ауылдықтардың ата қонысын тастап, туған жерден жыраққа кетуіне түрткі болатын негізгі себептердің бірі – білім ошақтарының есігіне қара құлыптың ілінуі. Бүгінгі күні теріскейде 300-ге тарта ауылдың балалары көрші елдімекендерге қатынап оқиды.  

«Балалардың барлығы ер жетті. Қалада тұрып жатыр. Аулға келгісі келмейді. Оларды айыптай да алмайсың. Өйткен мұнда ештеңе жоқ. Немерелер жазғы демалыста қонаққа келеді. Жазда бірге ойнайтын бала да жоқ. Ертеректе ауылда бәрі болған. Қазір жастарға еш қызық жоқ. Ешқандай жағдай жасалмаған. Өзіміз тіршілік жасап жатырмыз. Шықсақ, бір аптаға жететін азық-түлік алып келеміз. Суды да солай. Ауырып-сырқамауға тырысамыз. Ауруханаға барып, тексеріліп тұрамыз. Жедел жәрдем шақыртсақ, келеді», - дейді Құрман Оспанов.

«ТӨРТ БҰРЫШТА ТӨР ҮЙ ҚАЛДЫ...»

Ауыл тұрғындарының қалаға ағылуының басты себебі – жұмыссыздық. Бұдан бөлек ауызсу, жол және телефон байланысының нашарлығы да халықты үдере көшуге мәжбүр етіп отыр.

«Ертеректе 60 шаңырақ болды. Тату-тәтті өмір сүрдік. Мектеп құрығасын бәрі тарай бастады. Балаларды өскенше аудан орталығында оқыттық. Қазіргі шаруамыз – мал бағу. Қыс бойы қорада ұстаймыз. Жазда кезектесіп бағамыз. Кейде еркіндікте жүреді. Қалаға көшуге, үй алуға да жағдай бар. Бірақ, осында ұнайды. Ата-бабамыз осы топырақта жатыр. Өзіміздің кіндік қанымыз тамды. Қазір төрт бұрышта төрт үй тұрып жатырмыз. Осындай ауылдардың мәселесі жоғары жаққа жетсе дейміз. Бізді ұмытып кетпей, жағдай жасалса. Дегенмен, бізді ешкім бізді күштеп отырған жоқ. Еліміз ғой», - дейді Ниязбек Зәкіров. 

Төрт үйде 8 адам тұрып жатыр. Тең жартысының дипломы бар. Күнкөрістің жалғыз көзі  – төрт түлік. Айран-сүті мен етін ақшаға айналдырады.

«Май-қаймақ, ірімшік, қопа сатамыз. Тұрақты клиенттер бар. Қазір табиғи өнім сұранысқа ие. Өйткені, дүкендегінің барлығы жасанды. Кеш бұзаулаған сиырлар бар. Сондықтан, биыл дастарханнан ақ үзілмеді», - дейді Ольга Қоспанова.

БОЛАШАҒЫ БҰЛЫҢҒЫР АУЫЛДАРДА 2500-ден АСТАМ АДАМ ТҰРЫП ЖАТЫР

Солтүстіктегі болашағы бұлыңғыр ауылдарда 2500-ден астам адам тұрып жатыр. Мұндай елдімекендерге республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейді. Мамандардың айтуынша, оларға ақша шығындау тиімсіз. 

 «Тұрғыны аз ауылдарды тарату немесе біріктіру керек. Олар «ауыл» мәртебесін жоғалтқан. Сондықтан республикалық бюджеттен қаржыландырылмайды. Мемлекеттік бағдарламалардан тыс қалады. Өйткені, адам саны аз болғандықтан ақша жұмсау тиімсіз», - дейді экономика басқармасының бөлім жетекшісі Жанар Ахмиева.

Қазақ ауылдарының басым көпшілігінің жағдайы мүшкіл. Болашағы бұлыңғыр ауылдардың 18-і шекаралас аумақта орналасқаны көңілге күдік ұялатады. Шекара шебінде қалқан болып тұрған бұл елдімекендердің таратылуы елімізге қауіп төндірмей ме деген сауал еріксіз ойға оралады.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#СҚО #ауылдар