«90-60-90 болып аламын»: Ерке Есмахан дене бітіміне қатысты сынға жауап берді
Ол жақында ғана ана атанғанын еске салды

Әнші Ерке Есмахан әлеуметтік желіде желі қолданушыларының сырт келбетіне қатысты айтқан сынына жауап берді. Ол жақында ғана ана атанғанын еске салып, сыншыларға сабыр сақтауды өтінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әншіні сынға алған оқиға қалай болды?
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында өткен «Ақ Мая Fest» шұбат фестивалінде Ерке Есмахан өнер көрсеткен еді. Желіде тараған бейнероликтерден кейін кейбір қолданушылар әншіні «салмақ қосыпты», «толысып кеткен» деп сынға алған.
Оның сырт келбеті туралы пікірлер түрлі талқылауға себеп болды.
Ерке Есмахан не деді?
Әнші мұндай пікірлерге үнсіз қалмай, өзінің Instagram парақшасында арнайы жазба жариялады.
«Кішкентай ғана Батырым, анасының созған жатырын. Айрақтыдағы концерттен соң желіде маған «толыпсың, семізсің» деп жазған пікірлерді оқып қалдым. Айналайындар-ау, мен тек фигура ойлап жүретін болсам қолымдағы мына тәтті баланы кім туар еді? 2 ай бұрын босанған ананы түсініп қойыңыздар», – деп жазды Есмахан.
Ол жақын арада қалыпты пішініне қайта оралатынын, бірақ аналардың босанудан кейінгі кезеңіне түсіністікпен қарау керектігін еске салды.
«Әр кезеңнің өз әдемілігі бар.
Сәлден соң 90-60-90 болып аламын. Сөзім сөз!» – деп аяқтады жазбасын әнші.
Әлеуметтік желідегі реакция
Желі қолданушылары арасында пікір екіге бөлінді:
- Бір бөлігі әншіні қолдап, аналықты бірінші орынға қойғанын құптады;
- Кейбіреулері сән әлеміндегі әртістер әрқашан формада болуы тиіс деген пікірді алға тартты.