Ерлан Саиров: «AMANAT» партиясы жылумен қамту мәселесі жедел шешілуін қадағалайды
Облыс әкімдігі жедел жұмыс атқарып, бірінші күні 132 үй жылуға қосылды, тағы 17 үй бүгін жылумен қамтамасыз етілуі тиіс.
Екібастұзда жылу электр орталығындағы қазандық агрегаттары жұмыс істемей қалған. Салдарынан жылу беру тоқтап, тұрғындар келеңсіз жағдайға тап болды. Өз кезегінде «AMANAT» партиясының мүшелері Екібастұз қаласының жылусыз қалған тұрғындарына гуманитарлық көмек ретінде барлығы 1000-нан астам жаңа электр жылытқыш, көрпелер, термостар және тағы басқа қажетті заттар жолдады. Осыған орай Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Екібастұздағы қазіргі жағдай туралы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері кешеден бері Екібастұздағы жағдаймен танысып, қаланың жергілікті тұрғындарына көмектесу бойынша жұмыс атқарды. Қалаға фракцияның 6 депутаты келдік. Ең алдымен облыс басшысының қатысуымен энергетика саласының қызметкерлерімен үлкен жиналыс болды. Энергетика саласындағы жеке кәсіпорындардың жауапкершілігі, ол кәсіпорындардың халықтың алдындағы моральдық және құқықтық жауапкершілігі жөнінде нақты, терең әңгіме болды», - деді ол.
Депутаттар қиын жағдайда қалған қала тұрғындарының ыстық тамақпен қамтамасыз етілуін қадағалады.
«Сондай-ақ халықты жылумен қамту жедел түрде шешілуін қамтамасыз етуді қадағаладық. Осы жағдайға байланысты облыс әкімдігі жедел жұмыс атқарып, бірінші күні 132 үй жылуға қосылды. Тағы 17 үй бүгін жылумен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл мәселе нақты шешілгенімен, елімізде энергетика саласында қордаланған проблемалар бар. Біріншіден, ол тарифтерге байланысты. Екіншіден, энергетика саласын жекешелендіріп алған кәсіпорындардың, акционерлердің халық алдындағы жауапкершілік сезіміне байланысты», - деді ол.
Ерлан Саиров Қазақстанда жылу, энергетика саласын жаңғыртылуының кешеуілдеуіне байланысты нақты проблемалар бар екенін айтты.
«Бұл проблемалар бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тапсырмалар берді. Қазір Үкімет оны қарастырып жатыр. Осы саланың стратегиялық маңызы мен халықтың әлеуметтік жағдайына әсерін ескере отырып, оны депутаттар мен халық бірігіп шешуі керек. Біз Мәжілісте энергетика саласын қалыпқа келтіру, оған жаңғырту жұмыстарын жүргізу мен халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етпеуін қадағалаймыз», - деді Ерлан Саиров.