«Бір тәулікте 100-ге жуық жол апаты тіркеледі»: полиция қызметкері елордадағы жол-көлік оқиғалары туралы айтты
Көлікке мас күйінде немесе есірткі қолданып отыратын жүргізушілер көбейген
Астанада халық пен көлік саны артқан сайын қоғамдық және жеке көлік қозғалысына қатысты мәселелер де күрделене түсуде. Қалада жол-көлік оқиғалары мен әкімшілік құқық бұзушылықтар жиі тіркеледі. Azattyq Ryhy тілшісіне сұхбат берген Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы полиция подполковнигі Бауыржан Тоқжұманов жол апатының көбею себебі мен жол-көлік оқиғалараның алдын алу үшін жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтып берді.
Маман биыл жол қозғалысын қадағалау кезінде 155 611 әкімшілік құқық бұзушылық анықталғанын айтты.
«Жол-көлік оқиғаларына келетін болсақ, автокөлік жүргізушілері жолда жылдамдықты асыра пайдаланады, бағдаршамның тиым салынған белгісіне өтеді. Соның салдарынан жол-көлік апаты жиі болады. Ал жаяу жүргіншілер белгіленбеген жерден өту арқылы, бағдаршамның тиым салынған белгісінде жүруі және кәмелеттік жасқа толмаған балалардың жанындағы заңды өкілінсіз жол үстінде ойнап жүрген сәттер көп болады. Осы жылдың 10 айы бойынша Астана қаласы Полиция департаменті қызметкерлері жол қозғалысын қадағалау кезінде 155 611 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 133 321 әкімшілік іс бойынша 2 млрд-тан астам сомаға айыппұл түрінде қаулы шықты.
2017 жылдан бастап қала аумағында сергек камералары орнатылды. Аталған камералардың көмегімен жол жүру ережелерін бұзған жүргізушілерге ұйғарымдар рәсімделеді. Осы 10 ай ішінде сергек камераларының көмегімен 800 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді. Оны теңгеге шағатын болсақ, 6 млрд теңгеден астам соманы құрайды», - дейді полиция қызметкері.
Ол жол-көлік оқиғаларының көбеюі көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің жол жүру ережелерін сақтамауынан болып жатқанын айтады.
«Көлік құралында отырғандар да жаяу жүргіншілер де қажетті талаптарды сақтамайды. Жол жүру ережесінде жүргізушінің автокөлікті қалай басқару керектігі мен жылдамдық ережелері нақты көрсетілген. Сондай-ақ, жаяу жүргіншіге де талап қойылған. Жаяу жүргіншілерге қатысты жоғарыда айтып өткенімдей жол үсінде ойнап жүрген балалар өте көп және ата-анасының қарауынсыз велосипедпен жолдың бойында жүретіндер бар. Жол жүру ережелеріне сәйкес, 14 жасқа толмаған азаматтарға жол бойында велосипедпен жүруге тиым салынған. Қағидалардың орындалмауы жол-көлік оқиғаларына әкеліп соқтырады. Елордада бір тәулікте 100-ге жуық жол-көлік оқиғасы тіркеледі. Оның салдарынан шамамен 10-15 адам дене жарақатын алады», - дейді Бауыржан Тоқжұманов.
Ол жол-көлік оқиғаларын алдын алу үшін жүргізілетін жұмыстарға тоқталды. Полиция қызметкерінің айтуынша, жол ережесіне қатысты ақпарат тұрғындарға үнемі айтылып отырады.
«Біз өз тарапымыздан мектептер мен мекемелерде арнайы сабақ өткіземіз. Жол жүру ережелерін сақтауға, жүргізушілерге қойылатын талаптарды түсіндіреміз. Мектептерде оқушыларға жол белгілері таныстырылады. Әр белгінің атқаратын қызметін егжей-тегжейлі түсіндіреміз. Сондай-ақ, интернет желісінде өзіміздің арнайы парақшамыз бар. Ол жерде де түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Түрлі видео роликтер көрсетіліп, жүргізуші мен жаяу жүргінші тарапынан қателік болдырмау үшін қажетті жұмыстар атқарылады. Жүргізілген жұмыстар қашанда нәтиже береді. Мысалы, жүргізілген жұмыстардың арқасында өткен жылға қарағанда биыл жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар санын 30 пайызға қысқарды», - дейді ол.
Сондай-ақ, маман көлікке мас күйінде немесе есірткі қолданып отыратын жүргізушілер көбейгенін айтады. Оларға қолданылатын жаза қатаң.
«Егер мас күйінде автокөлікті басқаратын жағдай болса, ол азаматтар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Есірткі қолданып немесе мас күйінде көлікке отырғандар 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады және 15 күнге әкімшілік қамауға алынады.
Биыл 1329 жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарған іс тіркелді. Былтыр бұл көрсеткіш 1181-ді құраған еді. Бұл жағдайда көп нәрсе жүргізушінің санасына байланысты деп айтар едім. Мас күйінде көлік құралына отырудың өзі жүргізушіні қылмыскер етеді деген сөз бар. Оның салдарынан жол-көлік оқиғасы болады. Айта кететін жайт, егер жүргізуші мас күйінде ұсталып, жүргізуші куәлігінен айырылса, бірақ осы жағдай тағы қайталанса қылмыстық іс қозғалады. Мұндай азаматтарға ҚР қылмыстық кодексінің 346 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып қатаң түрде жазаланады», - дейді полиция қызметкері.
Бауыржан Тоқжұманов сөзін қорыта келе қала тұрғындары мен көлік жүргізушілеріне ескерту жасады.
«Ең алдымен, жол қатысушыларына жол жүру ережесін қатаң сақтауға шақырамын. Екіншіден, бәріміз ата-анамыз, бәріміздің де балаларымыз бар. Ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмауын ескерткім келеді. Жол жүру ережелерін өз тарабымыздан түсіндіруге, үй ауласына ойынға шыққан балаларды қараусыз қалдырмау керек. Бала айналадағы қауіпті толық түсінбегендіктен ойынның қызуына кіріп жолға жүгіріп шығып қалуы мүмкін. Осындай оқиғалардан қаншама балалар мен жасөспірімдер зардап шегіп жатыр. Сол себептен жол жүру ережесін үйде болсақ та, далада жүрсек те қарапайым сөзбен нақты түсіндіру керек.
Сондай-ақ, автокөлік жүргізушілеріне қанша асықса да жылдамдықты асыра пайдаланбай ережеде көрсетілген жылдамдықты сақтауға шақырамын. Қаланың ішінде 60 шақырым жылдамдықпен жүруге рұқсат етіледі. Көбіне жүргізушілер асығып, бір қатарадан екінші қатарға ауысқан кезде арақашықтықты сақтамай қалады. Салдарынан алдында немесе артқы жағында келе жатқан машинаға соғысуыңыз мүмкін. Сондықтан мұқият көлік қозғалысын қарап алыңыз. Жаяу жүргіншілерге қатаң ескертетін тағы бір нәрсе, жолдан өтерде құлаққап пен телефонды ала тұрыңыз. Құлағыңызды бітеп, телефон ұстап жан-жағына қарамайтын жастар өте көп. Техника болғандықтан көлік жүргізушісі қанша тежегішті басқанымен тоқтай алмай қалуы мүмкін. Бәрі өзімізден басталады. Қауіпсіздікке көз жеткізгеннен кейін ғана қозғалысты бастау керек. Соны жаяу жүргіншілер ұмытпса екен деймін», - деді Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы полиция подполковнигі Бауыржан Тоқжұманов.