СҚО-да лицензиясыз жұмыс істеп келген медициналық қалдықтарды жою зауытының жұмысы тоқтатылды
Жергілікті тұрғындар бірнеше жыл бойы улы газбен тыныстауға мәжбүр болды
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Малое Белое ауылындағы медициналық қалдықтарды жою зауытының жұмысы тоқтатылды. Тұрғындар нысанның түрлі аурулардың таралуына себеп болып отырғанын айтып, шағымданған еді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Жекеменшік компания Малое Белое елдімекенінің қақ ортасында медициналық қалдықтарды жоюмен айналысқан. Бұл жөнінде Azattyq Ruhy ақпарат агенттігі «Адам мүшелері де өртенеді»: СҚО-да ауыл тұрғындары медициналық қалдықтарды жоятын цехтың жұмысына наразы» атты мақала жариялаған болатын. Пайдалану мерзімі аяқталған түрлі препараттар-шприцтер мен медициналық шыны құтылар мен шприцтер сынды тағы басқа зиянды заттар тұрғын үйлерден бірнеше метр қашықтықта өртенді. Жергілікті тұрғындар бірнеше жыл бойы улы газбен тыныстауға мәжбүр болды. Көпшіліктің айтуынша, ауылда онкологиялық науқастардың саны күрт өскен. Проблемаға БАҚ араласқаннан кейін ғана жауапты органдар бұл мәселеге назар аударды.
«Зауыт жұмысы уақытша тоқтатылды. Кәсіпорынның медициналық қалдықтарды жоюға лицензиясы жоқ. Тек қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат және экологиялық сараптаманың қорытындысы бар. Соттың ұйғарымымен бітімгершілік келісім бекітілді, оған сәйкес кәсіпорын қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды орындауға және қызметтер көрсетуге тиісті лицензия алғанға дейін шаруашылық қызметті тоқтата тұруға міндеттелді», - дейді СҚО бойынша Экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов.
Солтүстік Қазақстанда қоршаған ортаны ластануы – өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Облыс аумағында барлығы 454 қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру объектісі бар, оның ішінде 335-і жер актілері рәсімделген, қалған 119 нысанда жер актісі жоқ. Жыл басынан бері экологиялық заңнаманы бұзудың 100-ге жуық ерегі тіркеліп, 47 әкімшілік іс қозғалды. Жалпы сомасы 22 млн теңгеден артық айыппұл салынды.