«Адам мүшелері де өртенеді»: СҚО-да ауыл тұрғындары медициналық қалдықтарды жоятын цехтың жұмысына наразы
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, медициналық қалдықтарды өртеу өлім-жітімді көбейткен
Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Малое Белое ауылының тұрғындары елдімекендегі медициналық қалдықтарды жоятын цехтың жұмысына наразы. Көпшілік шағын зауыт жұмысы түрлі аурулардың тарауына себеп болып отыр, деп дабыл қағуда. Бір жыл ішінде обыр дертінен бірнеше адамның көз жұмуын да содан көріп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«АДАМДАР ЖИІ ҚАЙТЫС БОЛА БАСТАДЫ...»
Малое Белое ауылы облыс орталығы Петропавл қаласының іргесінде орналасқан. Елдімекенде қазір бар-жоғы елу адам түтін түтетіп отыр. Мал бағып, бау-бақша өсіру – негізгі кәсіптері. Көпшілік соңғы уақытта бақшаларында өсірген сәбіз бен картопты жеп, қораларындағы сиырдың сүтін сауып ішуден қорқады. Себебі уланып қалуы немесе түрлі ауруларды жұқтыруы мүмкін.
Ауыл тұрғыны Евгений Никифоровтың медициналық қалдықтарды өңдейтін цехтың жұмысына шағымданып бармаған жері жоқ. Бірақ, оған құлақ асар жан болмай тұр. Бұрын бұл кәсіпорын елдімекеннен жарты шақырымдай жердегі құс фабрикасының аумағында жұмыс істеп келген. Кейін шағын зауытты ауылдың қақ ортасына көшірген. Тұрғындардың айтуынша, оларды алдап соққан.
«Бұл жерде құс фабрикасының астық қоймасы салынады деп өтірік айтты. Біз соған сеніп қалдық. Кейін будақтаған қара түтінді көргенде жағамызды ұстадық. Не істерімізді білмей қалдық. Терең тыныстап дем алу мүмкін емес. Еккен картоптарымыздың жапырақтары қарайып, қурап қалды. Бұл маңдағы шөптерді жеген малдың сүтін ішеміз, артылғанын облыс орталығына жөнелтеміз. Қаншама адам дерт жұқтырғанын есептеу мүмкін емес. Ең сорақысы, адамдар қайтыс бола бастады. Бұл цехта мерзімі өткен дәрі-дәрмектер, құтылар, шприцтер, ота кезінде кесілген адамның қол-аяғы сияқты қалдықтар да жағылады. Жыл басынан бері үш адам қан рагынан қайтыс болды. Балаларымыз да аурушаң», – дейді ауыл тұрғыны.
Евгений Никифоров будақтаған қара түтінді ұялы телефонына түсіріп алып, әлеуметтік желілерге де салған, билік өкілдеріне де шағымданған. Алайда түнде ғана жұмыс істеп, күндіз тоқтап тұратын цехтың әрекетін әшкерелеу мүмкін болмай тұр. Күндіз есігінде қара құлып ілулі. Ара-тұра бір «ГАЗель» көлігі ғана келіп кетеді екен. Жүргізуші цехты қарауға келгенін айтып ақталатын көрінеді. Ал ауылды «улау» қас қарая басталады. Тұрғындар күн бата далаға шығудан қалғандарын айтып шағымданып отыр.
«Біз шағымдана берген соң күндіз қалдықтарды жақпайтын болды. Бәрі күн ұясына қона басталады. Далаға шықсақ мұрнымызды жауып аламыз, бетперде де көмектеспейді. Кейде жемтіктің исі шығып жатқан сияқты болады. Шағымымыз бойынша бірнеше рет тексеріс келді. Олар түнде келмейді ғой. Ал күндіз бәрі жақсы, ештеңе таппай кетті», – дейді Малое Белое ауылының тұрғыны Марина Гаммермайстер.
«ЖЕРГІЛІТКІ БИЛІК МӘСЕЛЕГЕ НАЗАР АУДАРМАЙДЫ...»
Ауылдық округ әкімі бұл мәселеден құлағдар. Бірақ дабыл қағатындай жағдай емес екенін айтып отыр. Мүмкін өзі бұл ауылда тұрмайтындықтан түндегі жағдайды біле бермейді-ау деп топшыладық. Айтуынша, медициналық қалдықтарды жоятын серіктестіктің жұмыс істеп жатқанына бірнеше жыл болған, сол уақыт ішінде ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеген.
«Экомед-фармация» ЖШС Асанов ауылдық округінің аумағында 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ақпан айында олардың лицензиясының мерзімі аяқталды. Сондықтан олардың қазір жұмыс істеуге құқығы жоқ. Учаскелік полицеймен бірге барып, тексеріп көреміз. Заңсыз жұмыс істеп жатқан болса шара қолданылады. Негізінен бұл жұмыспен экология департаменті шұғылдануы тиіс. Менің білуімше, мұнда тек бір рет қолданылатын шприцтер ғана жойылады», – дейді ауылдық округ әкімі Серікбай Қазеев.
Ауыл тұрғындары болса әкім нақты жағдайды білмейді деп отыр. Олардың айтуынша, мында шприцтерден басқа да медициналық қалдықтар тау-тау болып үйіліп жататын көрінеді. Түрлі шағымдардан кейін «Экомед-фармация» ЖШС-ның мәселесіне «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің қызметкерлері назар аударды.
«Экомед-фармация» деген серіктестік бар. Бірақ, олардың медициналық қалдықтарды қайта өңдеуге лицензиясы жоқ. Біз Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экология департаментіне шағым түсіреміз. Соның негізінде тексеріс жүргізе алады. Біз осылайша ғана олардың заңсыз жұмыс істеп тұрғанын дәлелдей аламыз. Сонымен қарай қызметтік тексеріс жүргізу үшін полиция департаментіне де хабарласамыз», – дейді «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Руслан Асаубаев.
ТҰРҒЫНДАР ҮДЕРЕ КӨШІП ЖАТЫР
Малое Белое ауылының тұрғындары болса медициналық қалдықтарды өңдейтін кәсіпорын жұмысын тоқтатпаса елдімекен иесіз қала ма деп қорқады. Көбі балалары шеттерінен аурушаң бола бастаған соң көшіп кету мәселесін қарастырып жатыр. Әсіресе, кішкентайлар арасында түрлі аллергиялар көбейген. Ал барар жер, басар тауы жоқ тұрғындар жергілікті билік пен құқық қорғаушылар тарапынан қандай да бір көмек болар деп үміттенеді.
Осы көктемде депутаттардың сауалына жауап берген сол кездегі вице-премьер Роман Скляр еліміздегі медициналық қалдықтарды қайта өңдеумен айналысатын 122 кәсіпорынның 109-ның лицензиясы жоқ екенін айтқан болатын. Кей өңірлерде тіпті қауіпті қалдықтарды қоқыс жәшігіне лақтырған жағдайлар да болған.
Фотосуреттер Петропавловск News порталынан алынды