«Жетісу» әуекомпаниясы заң бұзғаны үшін 155 АЕК көлемінде айыппұл төледі
Әуе компанияның лауазымды тұлғалары анықталған бұзушылықтарға қарамастан, кемшіліктерді жою шараларын қолданбаған

«Жетісу» әуекомпаниясы «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңды бұзғаны үшін 155 АЕК көлемінде айыппұл төледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетіне сілтеме жасап.
«Биыл 18 қазан күні Талдықорған көлік прокуратурасы мен Қазақстан Республикасы СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жетісу облысы бойынша департаментінің заңнама сақталуын бақылау мәселесі бойынша бірлескен тексеруінің қорытындысы негізінде «Жетісу» әуекомпаниясы» АҚ қызметінде ұшу қауіпсіздігін және авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі Заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыныс қаралды.
Материалдарды қарау барысында әуекомпанияда 57 өлшем құралдарының пайдаланылатыны, оның ішінде 55 өлшем құралының салыстырып тексеру туралы сертификаттары және лейблдары белгіленген тәртіппен берілгені анықталды. Дегенмен әуекомпанияның Корея Республикасында өндірілген, FS-300 типті, сериялық № Y00110, Y00101 екі дана инфрақызыл сенсорлы термометрі өз уақытында белгіленген тәртіппен салыстырып тексеруден өтпеген», - делінген хабарламада.
«Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабының 1-тармағына сәйкес мемлекеттік метрологиялық бақылау объектілері болып табылатын өлшем құралдары олардың түрі бекітілгеннен кейін немесе метрологиялық аттестаттаудан және мемлекеттік тізілімде тіркелгеннен кейін айналымға шығарылғанға дейін, жөндеуден кейін өлшемдердің біркелкілігін қамтамасыз ету жүйесін пайдалану кезінде салыстырып тексеріледі.
Әуе компанияның лауазымды тұлғалары жоғарыда көрсетілген бұзушылықтарға қарамастан, аталған кемшіліктерді жою шараларын қолданбаған, ал қызметкерлер аппараттарды қалыпты режимде пайдаланған.
Анықталған бұзушылық әуекомпанияның лауазымды тұлғаларының өздерінің функционалдық міндеттеріне жосықсыз қатынасының, сондай-ақ басшылық құрамның тиісті ведомстволық бақылауының болмауы нәтижесінде жасалған.
Қарау қорытындысы бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 419-бабының 1-бөлігінің 2-тармағына сәйкес әуекомпаниясына 310 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Кінәні мойындауына байланысты, Кодекстің 810,811-баптарында көзделген айыппұл сомасының бабы бойынша көрсетілген санкцияның елу пайызы мөлшерінде айыппұлды жеті тәулік ішінде төлеу құқығы түсіндіріліп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша қысқартылған іс жүргізу тәртібімен әкімшілік айыппұлды төлеуге түбіртек беріледі.