Иранда оқушы қыз үкімет әнұранын айтпағаны үшін өлтірілді
Тағы 10 оқушы ауруханаға түскен
16 жастағы ирандық Асра Панахи үкіметті мадақтау әнін айтудан бас тартқаны үшін өз мектебінде қауіпсіздік күштерінің соққысынан қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy mediazona.ca-ға сілтеме жасап.
«Iran International» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, сол күні полиция жасақтары наразылық танытқан Иранның Ардебил қаласындағы әйелдер мектептерінің біріне келіп, студенттердің үкіметті жақтайтын шеруіне қатысуын талап еткен.
Митингке қатысушылар Иранның рухани көсемі Аятолла Әли Хаменеиді мадақтайтын үгіт-насихат әнін айтуы керек еді.
Студенттер бағынудан бас тартқаннан кейін полицейлер қыздарды аяусыз ұра бастаған. Соққы салдарынан 10 оқушы қыз ауруханаға түскен. Кейін олардың бірі Асра Панахи қайтыс болды.
Сонымен қатар соққыдан кейін полицейлер бірнеше қызды ұстап, белгісіз бағытқа алып кеткен.
Оқушы қыздың өлімінен кейін Ардебилде наразылықтар қайтадан күшейе түсті.