Білім культі біржола орныққанда ғана Әділетті Қазақстан орнатамыз – Президент
Мемлекет басшысы балалар мен жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау қажеттігіне айрықша тоқталды
Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар өңірінің жұртшылығымен кездесу барысында Әділетті Қазақстанға білім культі біржола орныққанда ғана жетуге болатынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Осы өңірдің әйгілі перзенттері туралы айтқанда Мәшһүр Жүсіпті айналып өте алмаймыз. Оның терең ой-тұжырымдары ұрпақты ілім-білімге ұмтылуға, жаңашылдыққа жақын болуға үндейді. Ғұлама ойшылдың озық идеялары әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан бүгін ғылым мен білімнің ордасы болған өлкеден бүкіл елге білімпаздық туралы ойларымды жеткізгім келеді. Біз Жаңа Әділетті Қазақстанды құрамыз. Ал бұл мақсатқа елімізде білім культі біржола орныққан кезде ғана жетеміз», - деп тоқталды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы оқушылардың білім сапасын арттыру үшін жайлы жағдай жасаудың басты міндет екеніне баса назар аударды.
«Біз барлық баланың сапалы білім алуына жағдай жасауымыз керек. Осыған байланысты мен Жолдауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды ұсындым. Бұл бастаманың аясында Павлодар облысында алдағы 3 жылда 10 мектеп салынады. Құрылысты сапалы салып, уақтылы тапсыру – басты міндет. Жұмыс барысын жергілікті атқарушы органдар қатаң бақылауда ұстауға тиіс. Жастар ертең білімді, алғыр, оқуда озат болсын десек, біз бүгін көптеп сапалы, жайлы мектеп салуымыз керек. Бұл – мемлекет ретінде біздің ортақ міндетіміз. Сондай-ақ ғылыми қызметкерлердің қоғамдағы абырой-беделін арттыруымыз қажет. Ғалымдарымызға әлемдегі жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өту үшін жыл сайын 500 грант беріле бастады. Сонымен бірге, «Жас ғалым» жобасының аясында 1000 грант бөлінетін болды. Студенттердің, магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы біртіндеп көбейіп келеді. Ғылыми институттар мен іргелі зерттеулерді қаржыландыру жүйесін жетілдіріп жатырмыз. Осыған орай, заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді», - деді Президент.
Осылай деген Мемлекет басшысы шетелде білім адып жатқан жастардың қай жақта жүрсе де ел мүддесіне қызмет жасауына мүмкіндіктер бар екенін алға тартты.
«Жас ұрпақ аға буынның өмір жолынан тағылым ала білгені жөн деп санаймын. Жастарымыздың кез келген сәтте елге оралуына мүмкіндік бар. Тіпті, шетелде жүрсе де сол жақтан ел мүддесіне қызмет жасай алады. Біз оларға мемлекетшілдік рухын сіңіріп, ел игілігіне қызмет етуге жұмылдыра білуіміз керек. Бүгінгі жастар заман талабына тез бейімделе алады. Олардың өршіл идеялары мен ерік-жігері – Қазақстанды дамытатын басты күш. Өскелең ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс арнаға бағыттау – біздің міндетіміз», - деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы басты жетістік масылдық психологиядан арылғанда келетінін айтты.
«Біздің қоғамымыз масылдық психологиядан арылуы керек. Әрине, мемлекет әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсете береді. Бірақ жұмыс істеуге мүмкіндігі бар әрбір адам адал еңбекпен табыс тауып, отбасын асырауға міндетті. Осының өзі елімізді дамытуға үлес қосу деген сөз», - деді ол.