Шымкентте жүргізушілер сұйылтылған газ таппай сандалып жүр

Azattyq Rýhy

Кей бекеттерде автогаз талонмен берілуде

Шымкентте жүргізушілер сұйылтылған газ таппай сандалып жүр
Фото ашық дереккөзден

Шымкентте газ тапшы. Автокөлік жүргізушілері сұйылтылған газ таппай   бекет аралап жүргендерін айтады. Бекеттердің кейбірінде газ мүлдем жоқ болса, кейбірі тек талонмен   беріп жатыр. Ал бірлі жарымы шекті мөлшерді белгілеп қойған. Бағасы  60 теңге шамасында, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

 Ал энергетика басқармасындағылар Шымкентте газ тапшылығы жоқ екенін айтады. Қаладағы 170 газ құю бекетінің 70-інде газ бар дейді . 30 бекетте ғана жоқ екеніне мониторинг барысында көз жеткізген. Дегенмен ол уақытша қиындық деп санайды. Оларға тиесілі отын стансада тұр. Осылай деген өкіл тағы 43 бекетті тексеріп жатқандарын жеткізді.   

 «Ондай дефицит жоқ. Қазіргі мына газ толтыру стансасында 400 тонна газ тұр. 700 тонна жолда келе жатыр. Оның 1008 тоннасы екі стансада простойда тұр. Енді оның бәрін логистиканы жөндеп, оның бәрін тездеп жанармай бекеттері өздеріне алып құйып сату керек қой халыққа», - деді Шымкент қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Ерденбеков.

 Тамыз айына қажеттілік 7 176 тонна деген басқарма өкілі 21 газ таратушы компания 170 бекетке сұйық отынды уақытылы жеткізіп отыруы керек дейді. Ал әкімдіктің тек бақылаудан басқаға құзыры жоқ екенін айтады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.