Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 312 мың теңгеден асты

Azattyq Rýhy

Бір жылда жалақының ең жоғары өсімі құрылыс саласында тіркелді

Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 312 мың теңгеден асты
Фото ашық дереккөзден

Қазақстанда үстіміздегі жылдың екінші тоқсанында атаулы орташа жалақы 312 мың теңгеден асты. Бұл туралы ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2022 жылғы ІI тоқсанда Қазақстан Республикасы бойынша атаулы жалақының орташа мәні 312 011 теңгені құрады. 2021 жылдың тиісті тоқсанына қарағанда өсім 24%, нақты мәнде – 8,9% құрады. Жалақының медианалық мәні (жалақы қатарының орталық деңгейі) 2022 жылғы ІІ тоқсанда бағалау бойынша 196 728 теңге болды», - делінген ресми хабарламада.

Бір жылда жалақының ең жоғары өсімі құрылыста байқалды – 35,5%. Сондай-ақ еңбекақы көлік және қоймаға орналастыру саласында – 34,8%, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу саласында – 28,3% жоғарылады. Жалақы ең аз өскен салалар: денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету – 12,1%, түрлі қызмет көрсетулер – 3,9%.

Өңірлер бойынша айлық еңбекақы ең көп Қызылорда облысы тұрғындарында көтерілген – 31,3%. Ең төмен өсім Нұр-Сұлтан қаласында байқалды – 14,2%, бұл ретте нақты мәнде (бағаның өсуін ескере отырып) 0,1 пайыздық тармаққа төмендеу байқалды.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.