Алматыда алтынды контрабандалық жолмен алып өтпек болған АҚШ азаматы ұсталды
Шетелдік азаматтан жалпы салмағы 319 грамм болатын алтын пластиналар табылды
Алтын пластиналарды Қазақстаннан аумағынан заңсыз жолмен алып өтпек болған АҚШ азаматы ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Алматы қаласындағы халықаралық әуежайының ұшу залында «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері шекара қызметімен бірлесіп, «Алматы-Ыстамбұл» әуе рейсімен ұшып шыққан, жалпы салмағы 319 грамм құрайтын 10 дана сары металдан жасалған пластиналарды алып бара жатқан АҚШ азаматын ұстады. ҚР ҚМ МКК Орталық кеден зертханасы жасаған сараптама нәтижесіне сәйкес, табылған тауар «аффинирленген алтын» екені анықталды», - деп көрсетті Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі.
Шетелдік тұлғаға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тыйым салулар мен шектеулерді сақтамай, тауарларды өткізгені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 545-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.