Алматыда досының кәмелетке толмаған қызын зорламақ болған ер адам 15 жылға сотталды
Ол қатаң режимдегі колонияда жазасын өтейтін болады

Алматыда досының кәмелетке толмаған қызын зорламақ болған азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Досының үйінде түнеген азамат барлығы ұйқыға кеткенде үй иесінің 11 жастағы қызын зорламақ болған. Баланың шошыған дауысын естіген соң әкесі мен ұлы дереу көмекке жетіп, қылмыстың алдын алған.
«Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін сот - медициналық сараптама жүргізілді. Оның қорытындысы ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі, ҚР ҚК 120-бабы 4-бөлігі (Зорлауға оқталу) бойынша қылмыс жасады деген айып тағуға мүмкіндік берді», - деп көрсетті ведомствоның баспасөз қызметі.
Алатау аудандық сотының үкімімен 37 жастағы азамат 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыскер жазасын қатаң режимдегі түзеу колониясында өтейді.