eGov.kz порталында жаңа сервис іске қосылды
Енді жылжымайтын мүліктің мекенжайы өзгергені туралы анықтаманы ХҚКО бармай-ақ, аталған порталдан алуға болады
Қазақстандықтар eGov.kz порталы мен eGov mobilе мобильдік қосымшасы арқылы жылжымайтын мүлік нысанының мекен-жайы туралы анықтама ала алады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазақстандықтар мүлік кепілін сату кезінде, нотариустарда, банктерде және басқа да ұйымдарда тіркеу кезінде жылжымайтын мүлік нысаны мекенжайының өзгеру тарихын мұрағаттық мәліметтерді тексеру бойынша жаңа сервисінің көмегімен көре алады. Жаңа сервис тіркеу рәсімдері кезінде мекен-жайдың тіркеу кодын қолдана отырып, сұратылған ұйымдарға жылжымайтын мүлік мекен-жайының өзгеруі туралы мәліметтерді қарауға мүмкіндік береді», - делінген «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ хабарламасында.
Мысалы, көше атауы немесе үйдің нөмірі өзгерсе, бірақ құжаттарда ескі мекен-жай көрсетілсе, енді ХҚКО-ға жүгінудің қажеті жоқ.
Бұрын жылжымайтын мүлік мекен-жайын өзгерту туралы анықтама ХҚКО-дан алынатын. Бұл жылжымайтын мүлікті тіркеу кезінде қиындықтар туғызатын және көп уақыт алатын. Енді мемлекеттік сервисті пайдалана отырып, мүліктің нақты мекен-жайын растауға болады. Айта кету керек, мұнда тек мекен-жайдың өзгеру тарихы ғана көрсетіледі.
«Көптеген қазақстандықтар мұндай жағдайға үйінің мекен-жайы өзгерген кезде тап болады. Бірақ жылжымайтын мүлікті сату кезінде нотариустар мен банктер мекен-жай өзгерту туралы анықтама алу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына жіберуге мәжбүр. Бұған дейін азаматтар аталмыш анықтаманы жылына 3 миллион рет алатын. Қажеттілікті ескере отырып, нотариустар мен банктерге сол анықтамаларды сұратуға тыйым салуға және жаңа сервисті пайдалануға мүмкіндік беретін сервис әзірледік»,- деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Ростислав Коняшкин.
Осы сервистің аналогы eGov mobilе мобильдік қосымшасының көмегімен «Жылжымайтын мүлік және ТКШ» бөлімінде де ұсынылады.