Баянауылда сапасыз салынған үйдің тұрғындары шу шығарды
Кенттің әкімі бөлмеаралық қабырғалардың гипсокартоннан жасалуы ештеңе етпейді деп отыр

Баянауыл ауданының Майқайың кентіндегі жаңа үйдің тұрғындары шу шығарды. Айтуларынша, баспаналар өте сапасыз салынған. Бөлме аралық қабырғасы - гипсокартон дейді. Тіпті, кейбір үйлердің қабырғасы тесіліп қалған. Бұл туралы Azattyq Ruhy astanatv-ға сілтеме жасап.
5 баланың анасы Гүлнәр Әбижанованың бұл үйге көшіп келгеніне небәрі 1 ай болыпты. Алайда, үйдің қабырғасы жарылып, есіктің жақтауы опырылып жатыр.
«Тіреу жоқ, ертең бәрі құлап кетуге мүмкін. Жауапгершілік жоқ ешкімде», - дейді Майқайың кентінің тұрғыны Гүлнәр Әбижанова.
Бұл үй әу баста орталық жылу жүйесіне қосылуы тиіс болған. Бірақ, ол орындалмаған. Әр үйге жеке пеш орнатылыпты. Онымен пәтерді жылыту мүмкін емес дейді тұрғындар.
«Бұл пештің қасында отыру керек. 4 қалақ отын саламыз ол жарты сағатқа да жетпей жанып кетеді. Үйдің іші бірден суиды. Шелекпен салсақ ана жерде температурасы бар ғой мына пеш селкілдейді. Жарылып кетуі мүмкін», - деді Майқайың кентінің тұрғыны Өркен Күзенбаева.
10 пәтерлі 5 үйдің құрылысына қазынадан 100 млн теңге жұмсалынған. Десе де үйдің сапасы тұрғындардың көңілінен шықпайды.
«Мынау міне жарылып жатыр. Төбеден су ағып жатыр. Қабырға мынау. Қатты итерсең құлайды. Шатырды жөндейік десек, не есік, не тесік жоқ. Линолуем жыртылып жатыр», - деді Майқайың кентінің тұрғыны Самалхан Шона.
Баспананың сапасыз салынғанын айтып, қоғамдық бірлестік өкілдері де әкімдікке бірнеше мәрте хат жазыпты. Алайда, одан да нәтиже шықпаған.
«Үйдің ішінде бір қабырға жоқ кірпіштен салынған. Енді үстіндегі жабуын қарасаңыз бетонный плиталар. Сонда сұрақ туындайды. Бұның тіреуіштері жоқ, кірпіш жоқ ешқай жерде. Сонда жанағы жабылған плиталардың тіреулері қайда? Ертең оған кім кепілдік береді? Құлап кетпейтініне, ортаға түспейтініне», - деді «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің Павлодар облысындағы филиал басшысы Нұргүл Қайырденова.
Үйді салғандар да, оны қабылдап алған әкімдік өкілдері жауапкершілікке тартылу керек - дейді тұрғындар. Ал аудан атқамінерлері мәселені шешеміз дегеннен басқа жарытып жауап бермеді.
«Жаңа үйге кірдік барлығы жаңа. Бәрі тұр. Содан кейін сатып алдық. Линолиумның тонкий екенін біз қайдан білдік. Кісілер кіргеннен кейін ғана осындай проблемалар шығып жатыр», - деп көрсетті Баянауыл аудандық экономиканың нақты секторы бөлімінің басшысы Абылайхан Белгібаев.
«Үйдің екі шетіндегі қабырға негізгі болып саналады. Сондықтан, гипсокартоннан салынған, бөлме арасын бөлгенге ешқандай нагрузка жоқ. Ол плита қабырғаға ешқандай нагрузка түсірмейді», - деді Майқайың кентінің әкімі Ербатыр Молдатаев.
Әкімдік сапасыз салынған үйді қалпына келтіруге демеуші іздемек. Ал оның табылар табылмасы белгісіз.