Коронавирус жұқтырғандар саны 20 мыңнан асты
Ал қаза тапқандар саны - 425
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүкіл әлем бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 20,6 мың адамға жеткенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі РИА Новостиға сілтеме жасап.
ДДСҰ мәліметінше, 2019-nCov вирусын Қытайда 20471 адам жұқтырған. Оның ішінде 2788 адам ауыр халде жатыр.
«Аурудан барлығы 425 адам көз жұмды. Олардың көбі басқа да бір немесе екі диагнозы бар қарт адамдар. Сонымен қатар коронавирустан емделіп шыққандар саны 680 адамға жетті. Қытай шекарасынан тыс жерде коронавирус диагнозы 176 адамға қойылған», - деп жазады агенттік.
Агенттік хабарлағандай, Қытайдан басқа жерде тек бір адам қаза тапқан.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың таралуымен күресу үшін алдағы үш айда 61,5 млн доллар қажет екенін айтты. ДДСҰ есептеулерінше, вирустың таралуымен күресу операцияларына 12 млн доллар кетсе, мемлекеттердің эпидемияға дайындығын тексеру үшін 45 млн доллар кетеді. Ал зерттеулер мен инновацияларға 4,5 млн доллар керек.