Шымкентте қызға пышақпен шабуылдамақ болған ер адам ұсталды
Қазір ер адамға қатысты соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Шымкентте қызға пышақпен шабуылдамақ болған ер адам ұсталды. Бұл туралы Шымкент қалалық ПД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, күдікті өз үйінде жасырынған. Ол 22 жастағы ер адам болып шықты. Полиция ер адам қызға қандай мақсатта шабуыл жасамақ болғанын тергеу құпиясына байланысты жарияламады. Тек шабуыл жасаған ер адам қазір полиция бөлімінде екені белгілі.
"Полиция қызметкерлерінің жедел ұстауы және тәулік бойы жүргізілген жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде күдікті бейнекамера көмегімен анықталып, тұрғылықты жерінде ұсталды. Бұл оқиға ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы "Бұзақылық" бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта ұсталған ер адамға қатысты соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Егер оның кінәсі дәлелдесе, ер адамға екі мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады, не сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте пышақ ұстаған ер адам бойжеткенге шабуыл жасағаны хабарланған болатын. Қыз бұл жағдай туралы полицияға хабарлағанда олар жәбірленушінің қысқа киім кигенін айтып, ер адамның қылмысын ақтауға тырысқан.