$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Павлодар облысының экс-әкімі жол көлік оқиғасы ісі бойынша 300 мың теңге өндіріп алды

Сот Бақауовтың азаматтық талап арызын жартылай қанағаттандырды

Павлодар облысының экс-әкімі жол көлік оқиғасы ісі бойынша 300 мың теңге өндіріп алды
Фото ашық дереккөзден

Екібастұз соты Павлодар облысының бұрынғы әкімі Болат Бақауовқа қатысты істе үкім шығарды. Экс-шенеунік алған жарақаты үшін емес, оқиға орнынан жарияланған видео үшін өтемақы сұрады. Жол-көлік оқиғасына себеп болған көлік жүргізушісіне қатысты азаматтық талап арызы бойынша моральдық шығынды Бақауов үш миллион теңгеге бағалаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Жол апаты  үстіміздегі жылдың 14 ақпанында сағат 19.00 шамасында Павлодар – Қызылорда тасжолында болған.

"Lexus LX470 көлігінің жүргізушісі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, жол жолағын ауыстыру кезінде бағыттас келе жатқан Lexus LX 570 соқтығысқан. Нәтижесінде Lexus LX 570 алдыңғы бағытта оң жақ жолақпен келе жатқан "ГАЗельге" соқтығысты", - делінген үкімде.

Сот құжатында сол күні кешке Бақауов Павлодардан Нұр-Сұлтанға келе жатқаны, ал көлікті оның жүргізушісі басқарғаны айтылған. Сот-медициналық сарапшылар Бақауовтың денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келді деп бағалаған.

Бақауов жол апатына кінәлі адаммен татуласудан бас тартып, БАҚ пен әлеуметтік желіде жол-көлік оқиғасы орнынан түсірілген видеоның таралуы салдарынан қорлау, қажу мен жайсыздық үшін өтемақы талап еткені атап өтілді.

Оқиғаға 45 жастағы кәсіпкер кінәлі екені анықталды, ол сотта өз кінәсін мойындамады. Оның әйелі де сотта Lexus LX 570 көлігінің жүргізушісі олардың көлігін қуып жетіп, соқтығысқанын айтты. 

Сот жазаны жеңілдететін мән-жайды, атап айтқанда сотталушыда кәмелетке толмаған балалардың болуын және ауырлататын мән-жайды таппағанын ескере отырып, ер адамды ҚР ҚК-нің 345-бабы 1-бөлігінде көзделген "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 91 890 теңге көлемінде 30 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынды, сондай-ақ 2 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.

Сот Бақауовтың азаматтық талап арызын жартылай қанағаттандырды.

"Сот істің мән-жайын, сотталушы кінәсінің дәрежесі мен нысанын, оның материалды жағдайын ескере отырып, әділдік пен жеткіліктілік қағидаттарын негізге ала отырып, келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарды жартылай қанағаттандыру, талап етілген моральдық шығын сомасы 3 миллионнан 300 мың теңгеге дейін қысқарту қажет деген қорытындыға келді", - делінген сот құжатында.

Серіктес жаңалықтары