Коммуналдық қызметтердің тарифіне қатысты мораторий аяқталды
Мораторий халыққа 3,2 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді
Инфляция деңгейін тұрақтандыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асыруда. Бұл туралы Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Тимур Жақсылықов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Шаралар кешені 67 іс-шараны қамтиды. Оның ішінде биыл 38 іс-шара және 2024 жылға дейін 29 іс-шара іске асырылады.
«2022 жылғы 14 шілдедегі жағдай бойынша 13 жедел іс-шара орындалды, 25 шара – орындалуда, 20 орта мерзімді шара тұрақты негізде орындалуда. Шаралар кешенін іске асырудың тұрақты мониторингі жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында министрлік халыққа коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге 180 күнге мораторий енгізді. Осыған байланысты 100-ден астам табиғи монополия субъектілерінің тарифтері түзетілді, бұл халыққа 3,2 млрд теңгеден астам қаражатты үнемдеуге мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда мораторий аяқталды», - деді бірінші виц-министр.
Тимур Жақсылықовтың сөзіне сенсек, екінші жартыжылдықта тарифтердің биылғы инфляция дәлізі шегінде өзгеруі күтілуде.
Тұтынушылар мен табиғи монополия субъектілері мүдделерінің теңгерімін қамтамасыз ету, сондай-ақ коммуналдық қызметтер тарифтерінің күрт өсуіне жол бермеу мақсатында бірқатар шаралар қабылданатын болады.
Сонымен қатар, ол квазимемлекеттік сектордың рөлін қайта қарау шеңберінде мемлекеттік меншікті басқаруды жетілдіру және «Самұрық-Қазына» қорын реформалау бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
«Самұрық-Қазына» қорының миссиясы жеке инвестицияларды тарта отырып, жүйе құраушы жобаларға белсенді ортақ инвестициялауға баса назар аударып, қайта қаралатын болады. Қор активтерін нарыққа шығару процестері жеделдетілетін болады», - деді ол.