«Орныңызды босатуыңыз керек»: журналист Түркістан облысының әкімін сынға алды
Өмірзақ Шөкеев бұл пікірмен мүлдем келіспейтінін айтты
Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдеріне есеп беру кезінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке журналистердің бірі орнын босатуды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Журналист Мәдина Жатқанбаева облыс басшысына сауал жолдау барысында өңірдегі қордаланған мәселелер күні бүгінге дейін шешімін таппай отырғанын айта келе, әкімнен неге орнын босатпайтынын сұрады.
«Төрт жыл бойы әкім бола отырып, сіз жылда осы алаңға келіп өз баяндамаңызды жасайсыз. Ондағы айтылғанның 70 пайызы орындалмайды. Жылда осылай. Қанша мәселе көтеріліп отыр. Бірақ олардың ешқандай нәтижесі жоқ. Түркістан облысының мәселелерін шеше алмасаңыз, онда орныңызды босатуыңыз керек болар? Жаңа Қазақстанға жаңа әкімдер келу керек шығар? Сіздің орныңызға жастар келу керек болар. Сіз қалай ойлайсыз?» - деді журналист.
Өз кезегінде Өмірзақ Шөкеев бұл пікірмен мүлдем келіспейтінін айтып, баяндамада айтылған тапсырмалардың бәрі орындалып жатқанына сендірмек болды.
«Сіз Түркістанға барып не болып жатқанын көріңіз. Біз жүйемен, бағдарламамен келе жатқан облыспыз. Әр жылы осы жерге келіп баяндама жасаймын, соның 90 пайызы орындалады деп айта аламын сізге. Көзге көрінетін нәрсе істеп жатырмыз ғой. Содан кейін бағаңызды айтасыз», - деді Шөкеев.