Түркістанда мектеп мұғалімі алаяқтық бойынша күдікке ілінді
Ол мектепке орналастырамын деп танысынан 500 мың теңге алған

Мектепке жұмысқа орналастырып беремін деп әйел адамның ақшасын алып кеткен ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Әйел адамның айтуынша, танысы мұғалім етіп жұмысқа орналастырып беремін деп 500 мың теңге ақшасын алып алған. Арада екі жылға жуық уақыт өтті. Не ақшасын қайтармаған, не берген уәдесін орындамапты. Қазір бұл жайтқа қатысты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-ның 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алды.
Министрліктің хабарлауынша, күдікті жергілікті тұрғын болып шыққан. Анықталғандай, ол бұрын мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.