ҰҚК Қырғызстанға жанармай тасымалдап жүрген көлік иелеріне ескерту жасады

Azattyq Rýhy

Елімізде жанар-жағармайды өз көлігімен көрші елге апарып, қымбат бағаға сататындар көбейген

ҰҚК Қырғызстанға жанармай тасымалдап жүрген көлік иелеріне ескерту жасады
gov.kz

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мұнай өнімдерін шекара арқылы тасымалдауға байланысты қазақстандықтарға ескерту жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта екі ел шекарасында шекара арқылы жанар-жағармай материалдарын (бензин) тасымалдайтын автокөлік санының көбейгені байқалған. Оған Қазақстан мен Қырғызстандағы жоғары сұранысқа ие бензин маркалары бағасының айырмашылығы себеп болып отыр. Сондай-ақ  тасымалдау ережелерінің бұзылуы деректері де (қосымша бензин бактарын орнату не оларды кеңейту) тіркелген.

«Тасымалдаушылардың осы санатына қатысты мемлекеттік шекараны кесіп өту жиілігіне шектеудің болмауы өткізу пункттеріне жүктемені едәуір арттырады және шекаралық өткелдерге тікелей жақын жерде автокөлік құралдарының жиналуына алғышарттар тудырады. Бұдан басқа, жанар-жағармай тасымалдау үшін жеке автокөлікті пайдаланатын азаматтар көбіне қауіпсіздік ережелерін ескермейді, өз кезегінде бұл қайғылы салдарға әкелуі мүмкін», - деп атап өтті ҰҚК өкілдері.

Шекара қызметі қайғылы жағдайлардың алдын алу мақсатында аталған тәсілмен жанар-жағармай тасымалдау әрекетінен бас тартуды ұсынады.

Шекарадан өту бойынша кеңес алу үшін хабарласу телефоны: 8 (7172) 719-549.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.