Астанада бес жігіт 238 печеньенің ішіне есірткі салып, оны қала тұрғындарына күні-түні сатқан (ВИДЕО)

Бесеуі де Батыс Қазақстан облысының тумасы болып шыққан

Астанада 30 жастағы бес ер адам бірнеше пакет печеньенің ішіне есірткі салып, оны тәулік бойы сатқан, деп жазады Azattyq Rýhy

Полицияның мәліметіне сүйенсек, бұл қылмыстық топқа қатысты күдік «Пепе» деген интернет-дүкеннен басталған. Астана қаласының полициясы мен Мемлекеттік күзет қызметімен бірлесіп, бес жігіт жалдап тұратын пәтерге басып кірген.

«Бес жігіт есірткіге тәуелді азаматтарға тәулік бойы есірткі марихуана, гашиш, каннабис шайыры және тағы да басқа каннабис тобының есірткілерін сатқан. Тінту кезінде пәтердің ішінен екі пакет печенье де табылды. Анықталғандай, жігіттер каннабис шайырын осы печеньенің ішіне салып, сатқан. Полиция әрқайсысының салмағы 100 грамм болатын 238 печенье тапты», - деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

Жалпы, бұдан басқа, күдіктілердің пәтерінен 12 келіге жуық түрлі есірткі заттары, оның ішінде 8 келіден астам марихуана, 1,5 кг гашиш және 2 кг каннабис шайыры тәркіленген.