FlyArystan ұшағы Павлодарға жете алмай, Алматыға қайтып оралды
Павлодардағы ауа райының нашарлауына байланысты ұшақты мұздануға қарсы өңдеу мүмкін болмаған
20 қазанда Алматыдан Павлодарға бағыт алған FlyArystan ұшағының кері оралды. Әуе компаниясы рейстің не себепті бастапқы әуежайға оралғанын ресми Telegram-арнасында түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Компанияның мәліметінше, Алматыдан Павлодарға ұшқан FS-7131 рейсі Алматыға қайта оралып, тоқтатылған. Ал кері бағыттағы FS-7132 рейсі де орындалмаған.
Бұған Павлодар әуежайында ұшақты мұздануға қарсы өңдеу мүмкіндігінің болмауы себеп болған. Ұшу кезінде Павлодардағы ауа райы болжамы нашарлап, жауын-шашын күтілген. Мұндай жағдайда ұшақты әуеге көтерер алдында мұздануға қарсы өңдеу міндетті.
«Павлодардан ұшақтың қауіпсіз ұша алмай қалу қаупін болдырмау үшін Алматыға қайту туралы шешім қабылданды», – деп түсіндірді әуе компаниясы.
Рейстердің қайта жанданатыны туралы қосымша хабарлайтындарын жеткізген.
Әуе компаниясының баспасөз қызметі түсіндіргендей, ауа температурасы нөл градус шамасында болып, жауын-шашын жауған кезде ұшақтың бетіне мұз, қырау немесе қар қатуы мүмкін. Бұл қанаттың аэродинамикалық қасиеттеріне кері әсер етеді.
Мұздануға қарсы сұйықтық ұшақтың бетіндегі мұз бен қарды кетіріп, олардың қайта пайда болуына жол бермейді. Мұндай ауа райы жағдайында ұшақты тиісті өңдеусіз ұшыруға авиациялық қауіпсіздік талаптары бойынша рұқсат етілмейді.
FlyArystan жолаушыларға бос орын болған жағдайда жақын күнгі рейске билетті бір рет тегін қайта брондауға немесе билет құнын толық қайтаруға болатынын еске салды