Бүгін, 09:33
Қоғам

«Ішерге су, жеуге тамақ жоқ отырған»: ШҚО-да полиция тарақандардың арасында өмір сүрген төрт баланы ата-анасынан алып кетті (ВИДЕО)

Балалардың ең үлкені алтыда, ең кішісі бірге де толмаған болып шықты

«Ішерге су, жеуге тамақ жоқ отырған»: ШҚО-да полиция тарақандардың арасында өмір сүрген төрт баланы ата-анасынан алып кетті (ВИДЕО)
Фото: скриншот

Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер қаласында аш-жалаңаш отырған төрт  бала табылды. Көршілер қарны ашып жылаған балалардың дауысы басылмаған соң полиция шақырған. Оқиға орнына келген полиция мен бала құқығы жөніндегі органның қызметкерлері үйдің ішін көріп, жағасын ұстаған, деп жазады Azattyq Rýhy 

Бұл үйдегі қиын жағдай туралы Риддер қаласының полициясы ақпарат беріп, үйдің қандай қорқынышты күйде екенін видеоға түсіріп алған. Полицияның мәліметі мен видеодағы жағдайға қарасақ, үй ұзақ уақыттан бері тазаланбаған, қабырғасы мен төбесі көгеріп кеткен. Үйдің әр бұрышында тарақан толып жүр. Ал үйдегі төрт сіркедей бала неше күннен бері аш-жалаңаш отырған көрінеді.

«Қауіпсіз үй» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Риддер қаласының полициясы, пробация қызметі және қорғаншылық органдарының қызметкерлері қауіпті жағдайда өмір сүрген отбасыны тапты. Үйдің ішінде азық-түлік пен су болмаған, санитарлық жағдайы өте нашар болған. Отбасында 2020–2025 жылдар аралығында туған төрт кәмелетке толмаған бала тұрған», - деп хабарлайды полиция.

Осылайша, үйге келген бірнеше органның қызметкерлері үйдегі үш үлкендеу баланы бейімдеу орталығына, ал ең кіші баланы ауруханаға әкетуге мәжбүр болған.