Шымкент қаласында Қарттар күніне орай ауқымды турнир өтті
Спорттың түр-түрінен өткен турнирге алпыстан астам қатысты
Шымкент қаласында Халықаралық қарттар күніне орай қаланың бес ауданының ардагерлері спорттың түр-түрінен өткен турнирға қатысты. Айта кетерлігі, алпыстан астам адам қатысқан дәстүрлі сайыс биыл сегізінші рет өткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Шымкент әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Турнирдің ашылу салтанатында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек сөз сөйлеп, қалалық ардагерлер кеңесінің атқарып жатқан жұмысына жоғары баға беріп, аға буын өкілдеріне айрықша құрмет көрсету қажеттігін атап өтті.
Қала ардагерлері қоғамдық өмірге белсене араласып, жастарға денсаулықты бағалаудың, бір-біріне қолдау көрсетудің үлгісін көрсетіп келеді. Аға буын өкілдері еліміз бен қаламыздың дамуына зор үлес қосып, саламатты өмір салтын насихаттау іс-шараларына да белесене қатысады.
Ардагерлер спорттың бес түрі бойынша, атап айтқанда, бильярд, үстел теннисі, шахмат, дойбы және волейбол бойынша жарысқан. Қариялар алдымен өз ауданында іріктеуден өтіп, үздіктері қалалық финалдық кезеңде бас қосты. Жарыстарды өткізу үшін арнайы спорт залдары әзірленген. Жарыс барысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, оларға медальдар, кубоктар мен грамоталар табысталады. Дегенмен ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл турнирдің мәні жүлделі орындар үшін күреспен ғана шектелмейді.
«Біздің мақсатымыз – ардагерлер арасында спортпен тұрақты шұғылдануды насихаттау, олардың белсенділігін арттырып, денсаулығын нығайту. Ең бастысы – жарыстың нәтижесі емес, спортқа деген қызығушылық. Біз аға буын өкілдерінің көбірек қозғалып, жиі жүздесіп, қала өміріне белсенді араласа бергенін қалаймыз», – дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев.
Оның айтуынша, мұндай турнир қалада тұрақты түрде өтеді. Осы жылдар ішінде турнир әртүрлі ауданда тұратын, бірақ рухани жақындығы мен ортақ қызығушылықтары бар адамдарды біріктіретін жақсы дәстүрге айналды.
Ардагерлердің жігері мен қала өміріне араласуға деген құлшынысы, өз қатарластырмен сайысқа түсуі құрметке ғана емес, қолдауға да лайық. Бұл іс-шараның жастарға да берер тағылымы мол.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы мәлімет бойынша Шымкент қаласында 105 мыңнан астам зейнеткер өмір сүреді. Жуырда, қала күніне орай оларды қала әкімі құттықтап, құрмет танытқан.