Қазақстандағы апатты жағдайда тұрған көпірлердің көбі Қызылорда облысында екені анықталды
Бүгін Құрылтайда депутат апатты жағдай тұрған көпірлердің санын атап, мәселе көтерді
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Тұрарбек Тілемісов Қазақстанда апатты күйде тұрған көпірлердің санын атап, премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Депутат өз сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл 19 қыркүйекте елдегі жол сапасына қатысты айтқан сынын еске салып, «Әділет» партиясы бұл сынның көпірлердің сапасына да қатысты деп санайтынын атап өтті.
«Мен нақты сандарды айта кетейік: 2026 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сай, еліміздегі 3 623 көпір бар екені белгілі болды. Оның 1 488-і республикалық маңызы бар жолдарда, 2135-і жергілікті маңызы бар жолдарда салынған. Сондай-ақ осы көпірлердің ішінде 142-сі апатты жағдайда тұр, оның 141-і жергілікті маңызы бар жолдардағы көпір. Жергілікті жердегі тағы 420 көпірдің жай-күйі нашар», - деді депутат.
Депутаттың мәліметіне сүйенсек, апатты көпірлердің басым бөлігі Қызылорда (87) және Түркістан (50) облыстарында шоғырланған. Ал Ұлытау облысында 24 көпірдің 21-і, Батыс Қазақстанда 51 көпірдің 44-і нашар жағдайда.
«Жергілікті жолдардағы көпірлердің тек 31,5%-ы ғана жақсы жағдайда (республикалық жолдарда бұл көрсеткіш 50,5%). Ауыл халқы үшін көпір дегеніміз – халықты аудан орталығымен, мектеппен және ауруханамен жалғайтын жалғыз жол», - деді депутат.
Осы ретте Тілемісов Көлік министрлігі әзірлеп жатқан бір құжатқа назар аударды. Яғни, «Әділет» депутаты атап өткендей, ауқымды құжатта осы ауылдағы көпірлер назардан тыс қалған.
«Көлік министрлігі дайындап жатқан 2027–2031 жылдарға арналған бағдарлама тек республикалық маңызы бар жолдарды ғана қамтиды. Ал елдегі көпір фондының 59%-ын құрайтын жергілікті 2 135 көпір назардан тыс қалып отыр», - деді Тілемісов.
Осыларды ескере отырып ол «Әділет» фракциясының атынан мынандай ұсыныстарды айтты:
- Республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды толық қамтитын 2027–2031 жылдарға арналған көпір шаруашылығын күтіп-ұстау мен қайта жаңартудың бірыңғай бағдарламасын әзірлеу және бекіту.
- Жергілікті желідегі көпірлерді бірыңғай әдістеме бойынша толық түгендеуден өткізіп, төлқұжаттау және оларға Көпірлерді пайдалануды басқару жүйесін енгізу.
- 142 апатты көпірдің әрқайсысы бойынша қабылданған қауіпсіздік шаралары, жобалау-сметалық құжаттаманың болуы және жұмыстардың басталу мерзімдері туралы ақпарат беру.
- 2023–2026 жылдардағы көпір құрылыстарына жұмсалған нақты шығындар мен 2031 жылға дейінгі қаражат қажеттілігінің есебін ұсыну.