Бүгін, 11:53
Қоғам

Қазақстанда 15 мыңнан астам отбасы апатты үйде қалуы мүмкін: депутат реновациялауға қатысты мәселе көтерді

Қазақстанда 15 мыңнан астам отбасы апатты үйде қалуы мүмкін: депутат реновациялауға қатысты мәселе көтерді
Фото: Azattyq Rýhy

Құрылтай депутаты, «Әділет» фракциясының мүшесі Әмірбек Оспанбеков  Премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, тозығы жеткен және апаттық жағдайдағы тұрғын үйлерді реновациялауға қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, қазір елде 61 367 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 1 037-сі апатты жағдайда болса, 3 347 үй әбден тозған. Осылайша, елде 4 384 көпқабатты үйді жаңарту немесе тұрғындарын қауіпсіз баспанаға көшіру қажет.

Кейінгі үш жылда өңірлерде апатты және тозығы жеткен 352 үй сүріліп, 200 көппәтерлі тұрғын үй салынғанымен, бұл елдегі жалпы тұрғын үй қорының 0,3%-ын ғана қамтиды.

Депутат Әмірбек Оспанбеков   уәкілетті орган ұсынған мәліметтерді талдай келе, реновация бағдарламалары барлық өңірде іске қосылғанымен, олардың орындалуы мардымсыз екенін атап өтті.

«2026-2029 жылдарға арналған реновация жоспарлары бойынша, мысалы Батыс Қазақстан облысында 334 апатты және тозығы жеткен үйдің ішінде тек 3 үйдің меншік иелерін жаңа тұрғын үйге көшіру жоспарлануда, бұл қауіпсіз тұрғын үйге деген қажеттіліктің 1% ғана құрайды. Ақмола, Қарағанды, Алматы, Ұлытау, Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары мен Алматы қаласының жоспарлары бойынша осындай тұрғын үйлер тек 2-19%-ға дейін жаңартылады. Басқа өңірлердегі көрсеткіш 20-75%-ды құрайды. Осылайша көптеген өңір бойынша жағдай сын көтермейді», - деді депутат.

Айтуынша, Астана қаласы, Жамбыл және Павлодар облыстарының әкімдіктері 2029 жылға қарай  мәселені толық шешуге дайын. Сонымен қатар он бес мыңнан аса меншік иесінің апатты және тозығы жеткен үйде қалып кету қаупі бар екеніне баса назар аударды.

«Осыған байланысты, 2029 жылға қарай әкімдіктер апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлердің орнына 895 көппәтерлі тұрғын үй немесе 11 319 пәтер беруді жоспарлап отыр. Бұл қоныс аударуға жататын меншік иелерінің жалпы санының 42%-ын құрайды.Алайда 15 653 меншік иесі апатты және тозығы жеткен үйлерде қалып кету қаупі бар», - деп атап өтті Әмірбек Оспанбеков 

Сауал жолдау барысында мұндай үйлердегі өрт қаупіне де назар аударды. Депутаттың айтуынша, апатты жағдайдағы және тозығы жеткен баспаналарда өрт болу қаупі өте жоғары. Мұндай нысандардағы тілсіз жау жиі қайғылы жағдайларға, адамдардың, әсіресе балалардың өмірі мен денсаулығына елеулі қатер төндіретіні анық.

Осы мәселені негізге ала оырып, «Әділет» фракциясының мүшесі Әмірбек Оспанбеков  Үкіметке ұсыныс жолдады. Атап айтқанда: 

  • Республика бойынша реновациялау жобаларының тиімді орындалуын бақылау мақсатында Үкімет жанынан Құрылтай депутаттары және өңір әкімдерінің тікелей қатысуымен арнайы Комиссия құруды қарастыру;
  • Қазақстан Республикасы Үкіметі нақты орындау мерзімдерін көрсете отырып, республиканың барлық өңірі бойынша апатты және тозығы жеткен тұрғын үйдің әрбір меншік иесін көшіру бойынша Бірыңғай жол картасын құру мәселесін шешу;
  • Реновациялау бағдарламаларының тиімділігін бағалау көрсеткішін барлық деңгейдегі әкімдердің жұмыс сапасын бағалау рейтингіне енгізу.

Депутат Премьер-министрден осы ұсыныстар бойынша заңда белгіленген мерзімде жауап беруді сұрады.