«Даму» қоры 32 жұмыс орнын аутсорсингке беру үшін 243 млн теңгенің лотын жариялады
Қорға Қазақстанның әр өңірінен барлығы 32 қызметкер керек
Қазақстанда бизнеске қолдау көрсетуге жауапты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры бір күнде 243 млн теңгенің лотын жариялап, оны бір көзден сатып алу арқылы өткізген. Лоттың мақсаты – қордың қазіргі қызметін қамтамасыз ету бойынша әкімшілік персоналдың аутсорсингі.
Azattyq Rýhy тілшісі Еуразиялық электронды порталындағы лоттың техникалық сипаттамасын талдап көрді.
Сонымен «Даму» қоры «Персонал аутстаффингі бойынша қызметтер» лотын кеше, 7 маусым күні түскі сағат 16.00-де жариялап, үш сағаттан кейін өтініш қабылдауды аяқтаған. Лот бір көзден сатып алу тәртібімен өтті. Жеңімпаз кім екені әзірге белгісіз. 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықты қамтитын қызмет құны 243 397 261,09 теңгеге бағаланып отыр.
Электронды цифрлы қолтаңбамызды пайдаланып, лоттың техникалық сипаттамасын көшіре келе, «Даму» қоры еліміздің үш ірі қаласы мен 14 облысында менеджер, консультант, маман, сантехник, электрик, аула сыпырушы, көлік жүргізуші қызметкерлерін аутсорсинг арқылы жұмысқа қабылдау үшін осынша қаражат бөлгенін анықтадық. Лоттың техникалық сипаттамасында 32 маман керек екені жазылған, алайда бас-аяғы 32 адам ба, әлде әрбір мамандық түрінен 32 адам керек пе, ашық жазылмаған.
Қордың аталмыш лотын жеңіп алған аутсорсинг компания бұл маман иелерін дүйсенбі мен жұма аралығында сағат 09:00-19:00 (түскі үзіліс сағат 13:00-15:00) кестесімен жұмысқа алуы, нарықтық жалақы төлеуі, керек болса, іссапарларының қаражатын төлеуі керек. Сонымен қатар сыйақы да, барлық міндетті төлемдер де беріледі деген талап бар.