АХҚО қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырып отыр ма
2020 жылы қаржы мониторингі субъектілері Астана халықаралық қаржы орталығының қатысушылары екені анықталды
Мәжіліс отырысында қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қатысты заң жобасы талқыланды. Осыған қатысты депутат Аманғали Бердалин Астана халықаралық қаржы орталығының Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті заңсыз табылған қаражатты өз актілері бойынша реттеп отырғанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Қаралып отырған заң жобасында Астана халықаралық қаржы орталығы комитеті АХҚО қатысушыларының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнаманы және АХҚО ішкі актілерін сақтау жөніндегі өкілетін көздеу ұсынылады. Өздеріңіз білетіндей, аталған орталықтың қатысушылары 2020 жылы қаржы мониторингі субъектілері деп танылды. Айтыңызшы, сонда осы уақытқа дейін бақылау қалай жүзеге асырылып келді?», - деген сауал жолдады.
Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Сыдырбеков айтуынша, расымен, 2020 жылы қаржы мониторингі субъектілері АХҚО қатысушылары екені анықталды.
«Мұны уәкілетті реттеуші – қаржы орталығының комитеті. Тексерісті жүргізіп отырған солар. Сарапшылар біздің заң жобасын қарау кезінде қаражат жымқыру туралы процесс тек аталған комитеттің құзыретіне беріліп қойылғаны күдік тудырды. АХҚО актісі орталықтың ішінде заңды болғанымен бұл ереше өте жылдам уақытта өзгере салатыны сарапшыларға ұнаған жоқ. Орталықта біржақсы шешім шығарылып, заңсыз қаражатты анықтау, не болмаса тіркеу ережелері жылдам өзгере салады. Бұл ереже Парламент қабырғасында талқыланбайды. Сондықтан бұл мәселеге қатысты республикалық деңгейдегі нақты заң қажет болады», - деді агенттік төрағасының бірінші орынбасары.