Саяси-экономикалық ахуал тұрақталмайынша, еліме оралмаймын – Ресейден келген маман
Осы жылдың алғашқы төрт айында 130 мыңға жуық ресейлік елімізге келді
Ресей мен Украина қақтығысы басталғалы Қазақстанға ағылған шетелдіктердің саны күрт артқан. Тек осы жылдың алғашқы төрт айында 130 мыңға жуық ресейлік елімізге келді. Соның ішінде 40 мыңға жуығы ЖСН алса, ықтиярхат 810 Ресей азаматына берілген. Сарапшылардың сөзінше, мигранттардың саны мұнымен тоқтап қалмайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліг бір айдың ішінде Қазақстанда 448 резидент емес заңды тұлға тіркелгенін мәлімдеді. Олардың ішінде 163 ресейлік жеке компанияларын ашып та үлгерген. "Шақырылмаған қонақтар" жоғары жалақы төлейтін жақсы жұмысқа орналасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Нәсібін қазақ жерінен іздеген жігіттің бірі - Дмитрий Галкин. 29 жастағы мәскеулік мигрант Алматыға бір ай бұрын келген. IT мамандығы бойынша айлығы жоғары жұмысқа орналасып та үлгерген. Мәскеулік жігіт өзінің қазақ жеріне қоныс аударуына Ресейдегі саяси ахуалдың тікелей себеп болғанын айтады.
«Мен болашағым үшін алаңдаймын. Ресейдегі ахуалды сырттан бақылағаным дұрыс. Ресейдегі компаниямен бірлесе жұмыс істеп келген ТМД елдерінен қаржылық операцияларды жасау қиын. Нақты ақша аударуға шектеу қойылды. Елімізде келеңсіз жайттар орын ала бастады. Меніңше, алдағы уақытта онда өмір сүру деңгейі де төмендеп кетеді. Мәселен, азық-түлік бағасы қымбаттап, сапасы нашарлайды. Ал жұмысыма қажетті тауарларды тіпті таба алмай қалуым мүмкін. Сақтық үшін Қазақстанда өмір сүру қауіпсіз әрі қолайлы деген оймен көшіп келдім», - деді Дмитрий Галкин.
29 жасар Дмитриймен бірге бір салада қызмет етіп жүрген Илья Разумовтың да Ресейден келгеніне небәрі 1 ай болыпты. Ол үшін де өмір сүруге ең қолайлы мемлекет - Қазақстан екен.
«Мен 5 мамыр күні Омскіден Алматыға келдім. Басты себеп, ондағы мен жұмыс істеп келген IT компаниясының бөлімшесі жабылып жатты. Менімен бірге әзірге 4 адам келді, қалған 20 шақты әріптесім де осы Алматыға маусым айының соңына қарай көшіп келуді жоспарлап отыр. Қазақстанда менің көңілім жайлы. Климаты ерекше ұнайды. Ресейге тек қонаққа барып тұруға қарсылығым жоқ», - деді Илья Разумов.
Ал отандық IT саласының маманы Ерболат Мамен, көрші елден кәсіби мамандардың көптеп келгені бәскелестікті тудыратыны сөзсіз дейді. Бірақ, тәжірибе жинақтауға берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып қалу керек деп отыр.
«Европаның IT компаниялары ресейлік компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуді біртіндеп тоқтатып жатыр. Сондықтан көрші елдің мамандарына бізге келіп жұмыс істеген тиімді. Сұраныс артқан сайын, жасайтын жобаның бағасы да арзандай түседі. Бұл тұрақты тұтынушыны тартудың тиімді тәсілі. Бірақ, олардың көптеп келуі Қазақстанда оқуды енді бітірген жас мамандарға жұмыс табуға кедергі келтіреді. Ресейден келген мамандардың айлығы асып кетсе біздікілерден қарағанда 15 пайызға көп болуы мүмкін. Мәселен, 3-4 жылдық еңбек тәжірибесі бар маман 1 миллион теңге көлемінде жалақы алады», – дейді «Qazaqsoft» ЖШС директоры Ерболат Мамен.