Үндістанның Нью-Дели қаласында Абай бюсті ашылды
Бақыт Сұлтанов Абай бюстінің орнатылуы екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетінін атап өтті
Бүгін Үндістанның Нью-Дели қаласындағы Сан Мартин Парк скверінде қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған бюстің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы Azattyq Rýhy Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Іс-шара ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың, Үндістанның Сыртқы істер және мәдениет мемлекеттік министрі Минакши Лекхидің, сондай-ақ дипломатиялық корпус өкілдерінің қатысуымен өтті.
«Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ағартушы. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық», - деді Б. Сұлтанов.
Ол Махатма Гандидің туған жеріне қазақ ағартушысының бюстін орнату терең символдық мәнге ие екенін атап өтті. Абай мен Ганди идеялары бір-бірімен тығыз байланысты.
Мәселен Абайдың «тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» - деген сөзі бар. Бұл қасиеттерді Махатма Ганди де бағалаған. Ол «сіздің сеніміңіз сіздің ойыңызға айналады, ойыңыз сөзіңізге айналады, сөзіңіз әрекетіңізге, ал әрекетіңіз әдетке, әдет сіздің құндылығыңызға, құндылықтарыңыз сіздің тағдырыңызға айналады» деген.
Бақыт Сұлтанов Абай бюстінің орнатылуы екі ел арасындағы рухани ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетінін атап өтті. Сондай-ақ тараптар білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамытуды жалғастырады.
Нью-Дели қаласында Абай бюстінің ашылуына арналған салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, өнеркәсіптік және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 14-отырысына қатысу үшін Қазақстан Республикасы делегациясының Үндістанға сапары шеңберінде өтті.