Елордада өтетін Еуразия кинофестиваліне қанша қаражат жұмсалады
Лот талқыланып, тендерге құжат қабылдау процесі бүгін, 2 маусым күні басталады
Биыл күзде Нұр-Cұлтанда өтетін «Еуразия» Халықаралық кинофестивалін өткізу үшін Мәдениет және спорт министрлігі 441 млн теңгенің тендерін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қосылған құн салығын есепке алмағандағы лоттың бірлік бағасы 441 971 428,57 теңге», деп жазылған құжаттамада.
Кинофестиваль қарашада 5-7 күн өтеді.
«Фестивальдің мақсаты – кинематография саласындағы халықаралық байланыстарды дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту. «Еуразия» халықаралық кинофестивалі мүшелік жарнаны төлеумен ФИАПФ – Кинопродюсерлер қауымдастықтарының халықаралық федерациясында «халықаралық конкурстық» кинофестиваль ретінде тіркелуі/қайта тіркелуі тиіс. Іс-шара қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтуі керек», - деген талап қойып отыр конкурстың ұйымдастырып жатқан министрлік.
Лоттың техникалық сипаттамасына үңілсек, жарты млрд теңгеге жуық қаражат нақты бірнеше мақсатқа жұмсалғалы отыр. Атап айтсақ, сипаттамаға сай, осы қаражаттан фестиваль өтетін орынның жалға алу құнын, фестивальге келетін қонақтар мен қатысушылардың жолақысын, визасын, шетелдік қонақтарды сақтандыру ақысын, құрметті қонақтарды әуежайдың VIP-зонасынан өткізу ақысын және VIP қонақтардың күзетшілеріне ақы төлеу көзделген.
Бұдан өзге, фестивальге қатысатын қонақтардың іс-сапарға кететін тәуліктік шығындарын, фестивальде көрсетілетін фильмдердің авторларына авторлық құқық, фестиваль өтетін орынды әдемілеу үшін дизайнер мен флорист жалдау, қазақстандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жарнама беру, баспасөз конференциялары өтетін орындарды жалға алу ақысы да осы қаражаттан алынады.
Ең қызығы, конкурстың техникалық сипаттамасында жазылғандай, күн сайын VIP-қонақтардың қатысуымен салтанатты кешкі ас (танымал отандық және шетелдік актерлер, әртістер, режиссерлер, кинооператорлар, суретшілер, сценаристер, каскадерлер, продюсерлер, дистрибьюторлар), VIP-қонақтар үшін визажистердің қызметтері (белгілі отандық және шетелдік актерлер, әртістер, режиссерлер, кинооператорлар, суретшілер, сценаристер, каскадерлер, продюсерлер, дистрибьюторлар), кинофестиваль мен оның аясындағы мастер-кластар үшін гонорар, VIP-қонақтардың гонорары да бюджеттен төленгелі отыр.
«Еуразия» кинофестивалі 1998 жылдан бері өтіп келе жатқанын айта кету керек.