Елордада КамАЗ жүргізушісі полицейлермен төбелесті: күдікті екі айға қамауға алынды
Оқиға осы жылдың 30 мамырында болды
Нұр-Сұлтан қаласында КамАЗ жүргізушісі полиция қызметкерлеріне күш көрсетіп, патрульдік көлігін соғып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Осы оқиғаға қатысты Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті ресми хабарлама таратты.
«Осы жылдың 30 мамырында сағат 17:20 шамасында оқиға орнынан жасырынуға тырысқан «КАМАЗ» автокөлігінің 39 жастағы жүргізушісінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы болды.
Құқық бұзушы полиция қызметкерлерінің көлік құралын тоқтату туралы заңды талаптарын елемей, патрульдік автокөлікпен соқтығысуға жол беріп, сондай-ақ физикалық қарсылық көрсетті.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 380-бабы 3-бөлігі 1-тармағы (Билік өкіліне, екі және одан да көп адамға қатысты күш қолдану) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сот қаулысымен күдіктіге 2 ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды», - делінген Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті таратқан хабарламада.