Ресейліктер Қазақстанда үш айда 160-тан астам компания ашқан
Аталған мерзім ішінде елімізде 448 заңды тұлға тіркелген

Украинадағы әскери іс-қимылдар басталғалы бері Қазақстанда Ресей азаматтарының 163 заңды тұлғасы тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі LS агенттігіне сілтеме жасап.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мемлекеттік кірістер органдарының деректеріне сүйене отырып, 2022 жылдың 24 ақпаны мен 20 мамыры аралығында Қазақстанда 448 резидент емес заңды тұлға тіркелгенін мәлімдеген. Оның ішінде 163-і – Ресей азаматтарының тікелей қатысуымен тіркелген. Сондай-ақ Алматыда – 64, Нұр-Сұлтанда 60 компания құрылған.
Ресейліктердің ең танымал салалары: көтерме және бөлшек сауда, автомобиль және мотоцикл жөндеу – 85 заңды тұлға, ақпарат және байланыс – 22, кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 15, қызметтің басқа түрлерін көрсету – 10, өңдеу өнеркәсібі – 9.
Тақырыпқа орай: «Қазақстанға Ресейден кемінде 2-3 млн адам келуі мүмкін»: азаматтық алу ережесі, еңбек нарығындағы бәсеке
«Бұған қоса айта кетерлігі, тіркеуге қою үшін салықтық өтініштерді енгізу және өңдеу тіркеуге қоюға өтініштер берілген күні жүзеге асырылады. Тиісінше, резидент еместерді тіркеуге берілген өтініштердің саны туралы ақпарат жоқ", - деді ИИДМ өкілдері.