Әлемнің үздік университеттері рейтингіне бір ғана қазақстандық ЖОО енді

Azattyq Rýhy

Дүниежүзі бойынша 20 мыңға жуық университет CWUR-ден баға алды

Әлемнің үздік университеттері рейтингіне бір ғана қазақстандық ЖОО енді
Фото: ашық дереккөзден

Әлемнің үздік университеттерінің ең беделді академиялық рейтингіне бір ғана қазақстандық университет енді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Finprom.kz-ке сілтеме жасай отырып.

Жоғары оқу орындарына баға беретін ең беделді рейтинг – Center for World University Rankings (CWUR) құрастыратын әлемдік университеттердің академиялық рейтингі. Басқа рейтингтерден айырмашылығы, CWUR университеттердің өзі ұсынған сауалнамалар мен деректерге сүйенбейді. Тек төрт негізгі бағыт бойынша: түлектердің оқу жетістіктерін ескере отырып, білім деңгейін; ірі компанияларда басшылық лауазымдарды атқаратын түлектерді ескере отырып, жұмысқа орналасу әлеуетін; беделді академиялық наградаларға ие болған оқытушыларды есепке ала отырып, оқытушылар құрамының сапасын және ғылыми еңбектерді, жетекші журналдардағы жарияланымдарды, академиялық ортаға әсері мен ғылыми мақалаларға сілтеме жасауды ескере отырып, зерттеу әлеуетін объективті талдауға негізделген.

2022 жылы дүниежүзі бойынша 20 мыңға жуық университет CWUR-ден баға алды. Нәтижесінде GLOBAL 2000 деген атаумен 2 мың үздік оқу орнының тізімі жасалды.

Қазақстанның барлық жоғары оқу орнының ішінде тек Назарбаев Университеті ғана беделді рейтинг тізіміне енді (әлемдегі 19,8 мың университеттің ішінен үздік 2000-ның 1765 орнына жайғасты).

Назарбаев Университеті – аталған рейтингке енген Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы жалғыз университет.

ТМД елдері арасында бұл рейтингке Ресейдің 42 университеті, Украинаның 6 университеті* (бірқатар себепке байланысты Украина ТМД-да даулы мәртебеге ие), Беларусьтің 2 университеті енді. Рейтингте Армения мен Әзірбайжанның Қазақстан сияқты бір ғана университет бар. Түркі мемлекеттерінің ішінде Түркиядағы 56 жоғары оқу орны бірден осы рейтингке енді.

Жалпы Азия елдері арасында Жапония ең жақсы көрсеткішке ие, Токио университеті 13-орында тұр. ТМД елдері арасында – Ресейдің Мәскеу мемлекеттік университеті 202-орында тұр.

Үш америкалық университет (Гарвард университеті, Массачусетс технологиялық институты және Стэнфорд университеті) және екі британдық университет (Кэмбридж және Оксфорд университеттері) үздіктердің бестігіне енді.

 
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.