Қазақстанда майнинг компанияларына салынатын салық көлемі артуы мүмкін
Ұлттық экономика министрі Мәжіліс отырысында мәлімдеді
Осы жылдың басынан бастап тұтынылған электр энергиясының 1 кВт-сағатына 1 теңге мөлшерінде цифрлық майнинг үшін төлем енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Мәжіліс отырысында мәлімдеді. Оның сөзінше, электр энергиясының құны бойынша жүктемені теңестіру, сондай-ақ отандық электр энергиясын пайдаланбауды ынталандыру үшін электр энергиясының құны неғұрлым төмен болса, төлем мөлшерлемесі соғұрлым жоғары болады.
«Енді жаңа ережеге сәйкес цифрлы майнинг бойынша 1 киловатт сағатына 10 теңгеге дейін арттыру жоспарланып отыр. Осы ретте бизнес қауымдастықпен ақылдасып, тарифті дифференциациялау жоспарланып отыр. Қазіргі нарықтағы майнингпен айналысатын компаниялар өте аз салық төлеп отыр. Елде жыл басындағы жағдай бойынша әлемде майнинг өнімдерінің көрсеткішінде Қазақстан Қытайдан кейінгі екінші орында болды. Енді майнинг компаниялар көбірек салық төлейді. Бәрімізге мәлім, майнинг компаниялар елге келмей тұрып, Қазақстанда электр қуатының мөлшері артық болған. Енді қазір дефицит болып отыр», дейді Әлібек Қуантыров.