Байзақтағы жарылыста опат болған құтқарушыларға арналған мемориал ашылды
Халықтың амандығы үшін өз өмірін құрбан еткен 14 адамның есімі мемориалға жазылған
Тараз қаласының №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі аумағында қызметтік міндетін атқару барысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориал ашылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2021 жылдың 26 тамызы – Жамбыл жұртшылығы ғана емес, барша халық қара жамылып, қайғы шеккен күн. Дәл осы күні Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы өртті сөндіру кезінде болған жарылыс салдарынан 10 өрт сөндіруші-құтқарушы қаза тапты.
«Дүрбелеңге түскен халықтың қорғанына айналып, есесіне өз өмірін құрбан еткен ерлеріміздің ерлік істерін кейінгі өскелең ұрпаққа жеткізу, болашақ ұрпақтың бойында патриоттық сезімдерін арттыру, жүректерде мәңгілік сақталуына теңіздің тамшысындай үлес қосу мақсатында Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында Жамбыл облысы Азаматтық қорғау органдарының 14 қызметкерінің есімі мемориалға жазылды», деп көрсетті облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Батырларға арналған мемориалдың салтанатты ашылу рәсіміне облыс және қала әкімдігінің өкілдері, Жамбыл облысы ТЖД гарнизонының басшылығы мен жеке құрамы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, жас құтқарушылар, қаза тапқан қызметкерлердің туыстары мен жақындары қатысты.