Токио олимпиадасына баратын қазақстандық дзюдошылар мамыр айында анықталады
Әзірге алты балуанның олимпиадалық рейтингтегі көрсеткіші жоғары
Дзюдодан Қазақстан командасының бас бапкері Айдын Смағұлов 2020 жылы спортшылар алдындағы басты міндеттерді атап, Токио олимпиадасына баратын дзюдошылар мамыр айында Катарда өтетін турнирден кейін анықталатынын айтты. Бас бапкердің айтуынша, қазір қазақстандық балуандар олимпиадалық рейтинг бойынша ұпай жинап жатыр.
«2019 жыл қазақстандық дзюдошылар үшін жаман өткен жоқ. Біз әлемдік жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болдық. Спортшыларымыз олимпиадалық рейтингте қарқынды түрде ұпай жинауда. Былтырғы көрсеткішімізге федерация тарапынан қанағаттанарлық баға берілді. Енді биыл біздің алдымызда үлкен дода - Олимпиада ойындары тұр. Бүгінде отандық дзюдошылар олимпиадалық рейтингте ұпай жинауда. Биыл өтетін Азия чемпионаты, Гран-при, Гранд-слэм, Азия және Еуропа кубоктері додаларында рейтингілік ұпайлар таратылады. Ал мамыр айында Катарда өтетін турнирден соң, ұпай жүйесі жабылады. Демек, мамыр айының аяғында біз Токио Олимпиадасына кімдердің баратынын хабарлаймыз», - дейді бас бапкер.
Сондай-ақ Айдын Смағұлов Токио олимпиадасына баруға қай спортшылардың мүмкіндігі жоғары екендігін айтты.
«Бірнеше спортшымыз олимпиадалық рейтингте жоғары орында келе жатыр. Мәселен, 60 келідегі Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаевтың, 66 келідегі Ерлан Серікжановтың, 73 келідегі Жансай Смағұловтың, 81 келідегі Дидар Хамзаның, 90 келідегі Ислам Бозбаевтың көрсеткіштері жақсы. Ал 100 келіге дейінгі салмақтағы Айбек Серікбаев пен аса ауыр салмақтағы Ерасыл Қажыбаевқа әлі біраз ұпай жинау керек», - дейді Айдын Смағұлов.