Қазақстанда салынатын АЭС-та жұмыс істейтін мамандар Ресейде оқытылады
Өткен аптада Ресей мен Қазақстан президенті арасында ресейлік жоғары оқу орындарында кадрлар даярлау жөніндегі меморандумдарға қол қойылды
Атом өнеркәсібі мен ғылым саласында бізде 24 000-ға жуық адам еңбек етеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді.
«Кадрлық әлеует пен тәжірибеге келетін болсақ, атом өнеркәсібі мен ғылым саласында бізде 24 000-ға жуық адам еңбек етеді. Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2010 жылдан бастап ядролық және техникалық физика бағыттары бойынша 3 200 кадр даярланды. Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы мен Ядролық физика институтында 3 ядролық зерттеу реакторы жұмыс істейді. Пайдалануға берілген сәттен бастап осы реакторларды біздің мамандар табысты пайдаланып келеді, ал ғылыми жұмыстардың нәтижелерін әлемдік қоғамдастық, соның ішінде АЭС жобалау кезінде қолданады», - дейді ол.
Бұл ретте, ол өткен аптада Ресей мен Қазақстан президенті арасында ресейлік жоғары оқу орындарында осы саланың кадрларын даярлау жөніндегі меморандумдарға қол қойылғанын атап өтті.
«Электр энергиясының алдағы тапшылығын, әлемдік экологиялық күн тәртібіне байланысты көмір генерациясына тәуелділікті төмендету қажеттілігін, өндірістік қуаттардың тозуын, сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы зор әлеуетін ескере отырып, елімізде АЭС салу неғұрлым перспективті шешім»,- дейді министр.