$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Криптовалюта – елдегі энергияның тапшылығына алып келді – Энергетика министрі

Болат Ақшолақов криптовалюта өндіру ауқымды энергияны қажет ететін процесс екенін айтты

Криптовалюта – елдегі энергияның тапшылығына алып келді – Энергетика министрі
Фото: ашық дереккөзден

Былтыр электр энергиясын тұтынудың күрт өсуі байқалды және ол 113,89 млрд.кВт сағ құрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Энергетика министрі Болат Ақшолақов мәлімдеді. 

«Статистикалық талдау көрсеткендей, 2021 жылға дейін, елде мұндай майнерлер болмаған кезде, электр энергиясын тұтыну жылына орта есеппен 2%-ға өскен болатын. 2021 жылы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұтыну өсімі бұл көрсеткіштерден (6,1%) әлдеқайда асып түсті. Ал БЭЖ-дің оңтүстік аймағында бұл көрсеткіш 12% құрады. 

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесі өзін-өзі теңгерімдеп жұмыс істеуде. Бұл ретте, ең жоғары жүктеме сағаттарында энергия жүйесінде электр қуатының тапшылығы байқалуда, бұл энергия өндіруші ұйымдар жабдықтарының авариялық тоқтатылуының жиілеуіне, сондай-ақ қосылған қуаттың күрт өсуіне байланысты. Қажеттіліктің өсуінің негізгі себебі – цифрлық майнинг субъектілерінің қызметі. Айта кету керек, криптовалюта өндіру – ауқымды энергияны қажет ететін процесс. Қандай да бір цифрлық валюта түрінде сыйақы алу мақсатында қосылған жабдық тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл ретте жабдықтың жекелеген модельдері шамамен 2,5 – 3 кВт/сағ тұтынады, бұл бір жабдықтың айлық тұтынуына тең, яғни үш бөлмелі пәтердің тұтынуынан 8 есе артық»,- дейді министр.

Белгілі болғандай, елдегі майнинг жабдықтарының саны ондаған мың. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдары электр энергиясы нарығын «көлеңкелі» цифрлық майнинг субъектілерінен тазартуға бағытталған тиісті іс-шараларды жүзеге асыруда.

Осы жылдың 20 сәуірі тұтынылған электр энергиясының 1 квт / сағ үшін 1 теңге мөлшерінде заңнамада белгіленген салық аударымдарын жүзеге асыру үшін соңғы күн болып табылады. Бұл ретте «көлеңкелі» субъектілер заңды тұлғаны тіркеу, тиісті хабарламаларды жүзеге асыру және құзыретті органдарда тіркеу туралы айтпағанда, электрмен жабдықтауға қосылу үшін талап етілетін құжаттарды да алмаған.

Серіктес жаңалықтары