$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Петропавлдық кәсіпкер қалалық әкімдіктен 81 млн теңге қарызын ала алмай жүр

Көшелерді қардан тазартуға күн сайын 150 техника шығады

Петропавлдық кәсіпкер қалалық әкімдіктен 81 млн теңге қарызын ала алмай жүр

Петропавлдық кәсіпкер қалалық әкімдіктен 81 млн теңге қарызын ала алмай жүр. Амбарцум Искандарян былтыр қыс мезілінде коммуналдық қызмет көрсетіп, көшелерді қардан тазалаған. Ал биыл қыруар техникасы тұрақта қаңтарылып тұр. Қарызға белшеден батқан бизнесмен банктен алған берешегін қайтара алмай жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ӨТКЕН ЖЫЛЫ ҚАЛАДАҒЫ ҚАРДЫ ТАЗАЛАУҒА 1,2 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің қарамағандағы кәсіпорын «Коммунхоз» ЖШС Амбарцум Искандарянға 81 млн теңге берешек. Ол өткен жылдың қаңтар-сәуір айларында көшелерді қардан тазартқан, енді маңдай терімен тапқан ақшасын даулап жүр. Мемлекеттік орган тарапынан тиісті келісім орындалмай отыр. Соның салдарынан мердігердің техникасы тұрақта қаңтарылып тұр. Өзі сот табалдырығын тоздыруға мәжбүр.

«Бірнеше несие алғанмын. Қарыз өтелмеді. Салық бойынша да берешек бар. Қалалық прокуратураға шағымдандым. Әзірге нәтиже жоқ. Тиісті құжаттар, орындалған жұмыс актісі бар. Әкімдік оның бәріне мөр басып, қол қойған. Енді мен көрсеткен қызметтің ақысын азайтпақ. Бір жылға жуықтап қалды, өз ақшамды ала алмай жүргеніме. Мекемедегі қаншама адамды қысқарттық. Тапсырыс берушіге шағым хат жаздық. Олар «иә, біз сіздерге қарызбыз, бірақ қазір төлей алмаймыз, күте тұрыңыздар», - деп жауап берді. Содан кейін түрлі сылтаулар басталды. Қазір жұмыссыз отырмыз. Жағдайымыз мүшкіл. Қалалық әкімдікпен байланысу қауіпті екен, соны ұқтым. Жуырда сот болады. Бар үмітім сол», - дейді Амбарцум Искандарян.

Мекемедегі 20 адам жұмыстан кетті. Кәсіпкер оларға еңбекақы және өз техникасы жетпегендіктен жалға алған жүк көліктеріне ақы төлеу үшін несие алғанын айтады. Өткен жылы Қызылжарда түскен қар көлемі жылдағыдан көп болды.

«Аталған атқару өндірісі бойынша «Коммунхоздың» банктегі есепшоттарына шектеу қойылды.  Әкімдіктің заңнамада белгіленген 39-бапқа сәйкес қарызды қайтаруға екі ай мерзімі бар. Бұл мәселе екі айдың ішінде шешіледі деп ойлаймын», - дейді облыстық әділет департаментінің басшысы Айдос Тоғызбаев.

Қалалық әкімдік қызметкерлері қарыздың барын мойындап отыр. Бірақ жұмыс көлемімен келіспейді. Сондықтан қарсы шағым жазбақ.

«Бас мердігер «Коммунхоз» бен «Искандарян» ЖК арасында келісімшартқа қол қойылған. Бүгінгі таңда қарыздары бар. Бірақ бұл қарызды олар азаматтық тұрғыда шешетін болады. Себебі «Искандарян» тарапынан өткен жылы қар тазалауда көптеген кемішіліктер анықталып отыр», - дейді қалалық ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Былтыр Петропавл көшелерін қардан тазарту үшін 1 млрд 200 млн теңге бөлінген. Бұл қаржыны қалалық әкімдікке қарайтын коммуналдық кәсіпорын қосалқы мердігерлерді тарту арқылы толық игерді.

ПЕТРОПАВЛДЫҚТАР ЖОЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫНА НАРАЗЫ

Биыл қала көшелерін қардан тазалау бойынша мемлекеттік тапсырысты «Благоустроиство-Север» серіктестігі ұтып алған. Бірақ оның да мардымды жұмыс істегені шамалы. Қыс маусымы басталғалы 200 мың текше метрден астам ақ ұлпа шығарылған. Көшелерді тазалау жұмыстарына петропавлдықтардың көңілі толмайды. Көпшілік құм себу жұмыстарын да сынға алды.

«Қар тазаланып жатыр. Бірақ, айнала көктайғақ. Құм себілмейді. Ауруханадан үйге жеткенше дейін құлап қала жаздадым. Сондықтан абайлап жүрмесе болмайды. Тротуар да көлік жолы да қарға толып, жіңішкеріп кеткен. Техника қозғалысына да кедергі боып тұрғаны байқалады. Көктемде бұл қар көк мұзға айналып, сосын көл болып ериді. Батпақ болады», - дейді қала тұрғыны Анна Меркулова.

«Петропавл көшелері тар. Әр бағытта қатарынан 2 көлік қана жүре алады. Ал қыста 1 техника ғана сияды. Өте ыңғайсыз. Көлік көп жүретін уақытта кептеліс пайда болады. Коммуналдық қызмет ақшаны үнемдеп асфальтты жіңішке етіп төсейтіндей. Ал қыста құмға үнем жасайды деп ойлап қаласың», - дейді қала тұрғыны Қайрат Таңатов.

Құмның төселмей жатқанын әкімдік өкілдері де мойындап отыр.  Тұрғын үй коммуналдық қызмет бөлімі олқылық жуық арада жойылатынына уәде етті.

«Қаңтар айының басында қаланың жаяу жүргіншілеріне арналған жолдарда құм-тұз қоспасын себу бойынша жұмыстар дұрыс атқарылмағанын мойындаймыз. Сол себепті «Коммунхоз» серіктестігіне хат жолданды. Егер жұмыс әрі қарай дұрыс істелмесе онда бұл мердігерлермен келісімшарт тоқтайтын болады. Сондай-ақ, қала тұрғындары, жеке кәсіпкерлер Шаховское ауылының маңындағы полигонға қар шығара алады. Тәулік бойы қабылданады. Қала тұрғындарынан көліктерді түнде жол бойында қалдырмауды сұраймыз. Өйткені, асфальт жиегіндегі көліктер техниканың жұмысын қиындатады», - дейді Әсем Айтолла.

Бүгінгі таңда облыс орталығы 8 бағытқа бөлінген. Көшелерді қардан тазартуға күн сайын 150 техника шығады. Жұмыстар түнгі оннан таңғы беске дейін жүргізілуі тиіс.

Серіктес жаңалықтары