Қазақстанда шетелдік бес ЖОО-ның филиалы ашылады
Бұл – Мемлекет басшысының БҒМ-ның алдына қойған тапсырмаларының бірі
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Қазақстанда шетелдік бес ЖОО-ның филиалы ашылатынын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмалары жоғары білім беруді дамытуға қатысты болды.
Тағы бір бағыт – 5 шетелдік ЖОО филиалын ашу. Бұл шара отандық университеттер арасында бәсекелестікті арттыруға да мүмкіндік береді. Біз осы бағыттағы жұмысқа кіріскенімізді атап өткім келеді.
2021 жылдың қыркүйегінде Де Монтфорт Лестер Британ университетінің (De Montfort University Leicester) филиалы ашылды», - деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, Қозыбаев атындағы университетті Аризона университетіне сенімгерлік басқаруға беру мәселесі пысықталып жатқанын айтып өтті.
«Еліміздің батыс өңірлеріндегі жастардың жоғары білімге қол жеткізуін арттыру үшін онда екі жетекші шетелдік техникалық университеттің филиалы ашылатын болады.
Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасына сәйкес Ресейдің үздік техникалық университетінің филиалын ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Басқа да әлемдік деңгейдегі университеттердің филиалдарын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, білім беру сапасында үлкен алшақтығы бар өңірлерден оқуға түсушілер үшін техникалық дайындық бағыттары бойынша қосымша гранттар бөлу жоспарлануда.
«Аталған мақсатты гранттар еліміздің жетекші жоғары оқу орындарында білім алу үшін бөлінетін болады. Бұл ретте негізгі тұрғылықты жері бойынша бітірушілердің жұмыспен қамтуды шарттардың бірі ретінде бекіту ұсынылады.
Осы жылдың өзінде техникалық дайындық бағыттары бойынша жоғары оқу орындарында оқу үшін гранттар саны айтарлықтай өсетін болады», - деді министр.