Кәсіпкер Алматының Орталық клиникалық ауруханасына жедел жәрдем көлігін сыйлады
Бұзақылар 32 жедел жәрдем көлігін қиратқан
Алматының Орталық клиникалық ауруханасына кәсіпкер Әділ Жұбанов жедел жәрем көлігін сыйға тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Лаңкестер өртеген техникалардың шығынын мемлекет бюджетіне артпау керек деп санайды кәсіпкерлер. Миллиардтаған шығынның барлығын халық қазынасынан өтеу мемлекеттің жоспаралған әлеуметтік жобаларының уақытылы жүзеге асуына кедергі келтіреді. Сондықтан, бүлінген дүниенің орын толтыруға мүмкіндігі бар азаматтар да қол ұшын беру керек деп санайды кәсіпкерлер.
Атыраулық кәсіпкер Алматының Орталық клиникалық ауруханасына жедел жәрдем көліктерін сыйлады.
«Барыс жылы біздің еліміз үшін өте қайғылы күндермен басталып жатыр. Оның үстіне коронавирус қатты таралып жатыр. Осыны ескеріп, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынысын қабыл алып, осы қаланың клиникалық ауруханасына жедел жәрдем көлігін тарту етіп жатырмын. Еліміз кешегі оқиғадан соң қатты шығынға батты.
Полция, өрт сөндіру, оның ішінде аурханалардың да отыздан аса көлігі отқа оранған немесе қираған. Оның сыртында әкімдіктің ғимараты, одан бөлек қаншама бизнес нысаны қирады. Оның бәрін бюджетке салмақ қылып түсірсек ауыр тиеді. Мектеп, балабақша, аурухана салу сынды әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына кедергі келтіреді. Осы елде кәсіп еттік, азды-көпті табыс таптық, өмір сүрдік. Енді осындай қиын кезде бір жағынан шығысып, көмек көрсету азаматтық борышымыз. Өзге де әріптестерімді осы іске шақырамын», - деді кәсіпкер Әділ Жұбанов.
Лаңкестер Алматыда 140 көлікті қиратқан. 50-ге жуық көлік өртенсе, тағы осынша арнайы техникаға оқ атылған. Бұзақылар сол сияқты 32 жедел жәрдем көлігін қиратыпты. Оның ішінде төрт машина мүлдем жарамсыз.
Жедел жәрдем көлігінің бір данасы кемінде 20 миллион теңге тұрады. Кезекшілік кезінде бір көлік тәулігіне он шақты рет науқастарды тасымалдауға жолға шығады екен. Шығын көлемі әлі анықталған жоқ. Кәсіпкердің аурханаға сыйға тартқан су жаңа жедел жәрдем көлігі қажетті медициналық құралдармен толықтай жабдықталған.
«Бұл жедел медициналық көмек көрсету машинасын біз ауыр жағдайдағы науқастарды басқа қаладан немесе өзге ауруханаларға, емдеу мекемелеріне тасымалдауға қолданамыз. Амбулаторлық гемодиализ қабылдайтын науқастарға да қолданамыз. Клиникаға күніне 250-300 адам медициналық көмекке жүгінеді. Шамамен олардың 50 шақтысын ауруханаға жатқызамыз», -деді аурухана директорының орынбасары Гүлбану Қонаева.