$ 521.67  592.46  6.32
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Ұлттық банк төрағасы елден заңсыз ақша шығарумен күресуге қатысты шаралар қабылданғанын мәлімдеді

Қабылданып жатқан шаралар әлемдегі ең үздік практикаға негізделеді

Ұлттық банк төрағасы елден заңсыз ақша шығарумен күресуге қатысты шаралар қабылданғанын мәлімдеді
Фото: tengrinews.kz

Елден заңсыз ақша шығаруды бақылауды күшейту бойынша Ұлттық Банк Қаржылық мониторинг агенттігімен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлескен бұйрық қабылдады. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы кеше Парламент Мәжілісінің отырысында жасаған мәлімдемесінде Үкіметке күмәнді транзакцияларды толығымен тексеруді тапсырды. Бұл ретте Ұлттық банк төрағасы арнайы шаралар қабылдағанын атап өтті.

«Жоғарыда аталған бұйрыққа сәйкес операциялар жүргізуге арналған өтінімдер бойынша іс-қимылдар алгоритмі қабылданды, сондай-ақ күшейтілген қаржылық мониторинг жүргізілуі тиіс трансшекаралық операциялардың тізбесі бекітілді. Талаптар айқын бұзылған жағдайда мұндай операциялар жедел тоқтатылатын болады», - деді Досаев.

Оның сөзінше, қабылданып жатқан шаралар әлемдегі ең үздік практикаға негізделеді және KYC (know your client) қағидаттарын толыққанды енгізеді.

«Бұл капиталдың трансшекаралық ағындарының барынша айқындылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Резиденттер мен бейрезиденттерді қоса алғанда сыртқы экономикалық қызметтің адал қатысушылары мен инвесторлардың халықаралық операциялар жүргізу кезінде өз құқықтарына қысым жасалмайтынын және шектеу қойылмайтынын растағым келеді», - деді өз баяндамасында Ерболат Досаев.

Серіктес жаңалықтары