Нұр-Сұлтанда жақында жаңа қоғамдық кеңістік ашылады
Онда демалуға арналған орындар мен әткеншектер бар
Жаңа қоғамдық кеңістік Самал шағын ауданы жағында Есіл өзенінің жағалауындағы Қабанбай батыр даңғылында көпір астында абаттандырылады, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Онда сахна мен ойын аймағына арналған құрылымдар орнатылған. «Адамдарға арналған қала» тұжырымдамасы аясында қолжетімді кедергісіз орта құрылады. Көпірдің астында жаяу жүргіншілердің жүруі үшін пандус орнатылады. Айта кетейік, жағалау бойындағы веложол елорданың барлық саябақтарын байланыстырады.
Мастер-жоспарға сәйкес, бос аумақта көлеңкелі шатырлар, театрландырылған қойылымдар, концерттер мен шығармашылық эксперименттер үшін импровизацияланған сахна орнату жоспарланып отыр», - деп жазады ведомство.
Жаңа қоғамдық кеңістікте ашық аспан астында концерттер өткізіп, тамақтану орындарын орнату жоспарлануда. Сондай-ақ, мұнда тыныш демалуға арналған орындар мен әткеншектері бар ойын алаңы ашылады.
Айта кету керек, театр аймағында «Арт-қазандық» шығармашылық ұжымының өкілдері өнер көрсетуге ниет білдірді.