Бір мектепте 16 бірінші сынып: қазақтар ең көп шоғырланған аудандағы мектеп мәселесі қалай шешіліп жатыр?
Бір сыныпта 30-дан астам бала бар
Алматыда өңірлерден келген қазақтар ең көп шоғырланған – Алатау ауданы Шаңырақ ықшам ауданында оқушылар санының көптігінен мектептердегі орын жетіспеушілік мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Қазір ауданда 26 мемлекеттік білім беру мекемесі, 3 (Қайнар, Алгорифм және Алтын домбыра) жекеменшік мектеп жұмыс істейді. Оның 13-і қазақ тілінде білім берсе, орыс тілінде білім беретін мектептер саны – 3, аралас мектептер саны – 9, ұйғыр тілінде – 1. Алатау ауданындағы мектептерде оқитын оқушылар саны – 50 879, орын тапшылығы аудан бойынша 7 075-ті құрап отыр.
Ауданда оқушы санының жылдан жылға көбейіп жатқанын «демографиямыздың өсіп жатқанының көрінісі» деп қуанғанымызбен, екінші жағынан бір сыныпта 30-дан аса баланың отыруы білім сапасына кері әсерін береді.
Azattyq Rýhy тілшісі жаңа оқу жылында 16 бірінші сыныпты қабылдаған Шаңырақ-2 ықшам ауданындағы жалпы білім беретін №26 мектепке барып қайтты.
«БІР СЫНЫПТА 30 ОҚУШЫДАН ОТЫР»
№26 жалпы білім беретін мектем мекемесі 2000 жылы іргетасы қаланған, ал 2016 жылы қайта жөндеуден өтіп, сыйымдылығын 2100 оқушыға арттырған. Қазіргі таңда бұл мектепте 3 694 оқушы білім алып жатыр. Мектеп қызметкерлері мекемеге кіретін әрбір адамның дене қызуын тексеріп, Ashyq статусы бойынша кіргізеді.
Мектеп директоры Ғалия Ақылбекқызының мәліметінше, биыл бұл мектептің табалдырығын 467 бүлдіршін аттаған.
«Биыл 16 бірінші сынып жасақталып, алфавиттің «п» әрпіне дейін жеттік. Бірінші сынып оқушыларының жалпы саны – 467, әр сыныпта кемі 29 баладан отыр. Кейбір сыныптарда 30-32 балаға дейін жетеді. Мектебімізде қазір 254 педагог жұмыс істейді. Барлық кабинет заманауи техникамен қамтамасыз етілген. Кабинеттер толығымен моноблок, интерактивті тақта, компьютер, принтер сияқты құрылғылармен қамтамасыз етілген. Биылғы оқу жылының міндеті – білім алушылардың былтырғы оқу жылындағы білім олқылықтарын толықтыра отырып, оқу бағдарламасын сапалы түрде жүзеге асыру. Осыған байланысты жұмыс алгоритмі құрылып, сол бойынша педагогтеріміз жүйелі жұмыс атқаруда.
1-2, сол сияқты 10-11-сынып дәстүрлі форматта мектепке келіп жатыр, ал қалған сыныптар бір апта онлайн, бір апта офлайн форматта білім алып жатыр. Бірінші сыныптар екі ауысыммен оқиды, одан бөлек, биылғы бірінші сынып бүлдіршіндері әліппе оқулығына қайта оралды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2021 жылғы 25 тамыздағы 36 бұйрығын басшылыққа ала отырып, COVID-19 инфекциясына жол бермеу мақсатында санитарлық норманы толықтай сақтай отырып, білім беру жүзеге асырылуда», - деді мектеп директоры.
Ғалия Ақылбекқызы оқушы саны көп болғанымен, оқулық пен техника жағынан ешқандай жетіспеушілік жоқ екенін айтып өтті.
«Оқулық жағы 100% қамтамасыз етілген. Мектеп бойынша әлеуметтік жағдайы орташа, көпбалалы отбасыдан шыққан, толық жетім 294 бала тәулігіне бір рет ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп отыр. Оқу жылының басында оқу құралдарына, киім-кешектеріне жалпыға бірдей міндетті қамту қорынан қаржылай көмек берілді. Оқушылардың ең көп проблемасы – сабақ оқуға үйлерінде мүмкіндігінің болмауы. Шаңырақта 10 шаршы метрде 5 баламен өмір сүретін отбасылар көп. Олардың біразын өз көзіммен аралап көргенмін. Сол кішкентай жерде тамақ та ішіледі, сабақ та оқылады, балалар да ұйықтайды. Түрлі өңірден келгендер пәтер арзан деп Шаңыраққа барып тұрады. Ата-аналарға да «кеңірек пәтер жалдаңыз» деген талап қоя алмаймыз. Бірақ салдары оқушылардың тәртібі, сабақ үлгеріміне әсер етеді ғой. Карантин кезінде ата-аналардың өтініші бойынша 310 жанұяға ноутбук, 514 планшет, 78 роутер тараттық. Оқу жылы аяқталғаннан кейін акті бойынша жинап алып, оқу жылының басында қайта үлестіріп бердік», - деді педагог.
КАДР ҚАЙ САЛАДА ЖЕТІСПЕЙДІ?
Сондай-ақ, маман қазақтілді ауданда орыс тілі пәнінен сабақ беретін педагогтер тапшы екенін жасырмады.
«Бізде орыс тілінен сабақ беретін мұғалімдер саны жетіспей жатады. Сол сияқты психологтарға штат санын көбейтсе деге ұсынысым бар. Қазіргі таңда жасөспірімдер арасында суицид жиі болып жатыр, кәмелет жасына толмағандар түрлі қылмыстық іс-әрекеттерге барып жатады. Осындай уақытта бізге психологтардың көмегі өте қажет. Біздің 3694 балаға бар-жоғы екі психолог бар. Физикалық жағынан ол екі психолог бар баламен сөйлесіп үлгермейді ғой?! Кемі бір психологқа 500 баладан беру керек. Бір басшының өзіне ұжыммен қосқанда 4 мың адамды басқару қиындық тудырып жататын сәттер болады. Өз ықшамауданымыздың балалары қазір мектепке сыймайды. Кейде өзге жерден көшіп келген ата-аналар 5-6 жыл орысша оқыған балаларын қазақ мектебіне әкеліп жатады. Біз ол баланың оқу үлгеріміне кері әсер ететін айтып, жақын жердегі орыс мектептеріне бағыттаймыз», - деді директор.
МЕКТЕПТЕ ИНКЛЮЗИЯ СЫНЫБЫ АШЫЛҒАН
Сондай-ақ, жалпы білім беретін мектепте инклюзивті оқушыларға арналған сынып ашылғанына екі жылдан асқан.
«Мектебіміздің бір ерекшелігі – 2018 жылдан бастап ерекше қажеттілікті талап ететін инклюзия сыныбы ашылған. Ол жерде логопед, дефектолог, ассистент педагог мұғалімдер дәріс беріп жатыр. Инклюзия сыныбына барған 2 жылдың ішінде 3 оқушымыз оң нәтиже беріп, ерекше статусты оқушының қатарынан дәстүрлі білім алатын сыныптастары қатарына қосылды. Қазіргі таңда олар өз сыныбында отыр. Мұның өзі біз үшін үлкен жетістік деп білемін. Былтыр 104 түлегіміздің ішінде 13 оқушы ерекше аттестатпен бітірді, 4 оқушы «Алтын белгімен» бітіріп мемлекеттік грантқа ие болды. Мұның бәрі біздің мұғалімдердің жетістігі. Қалалық ғылыми жоба байқауларынан, түрлі конкурстардан оқушыларымыз жүлделі орындарға ие болды. «Абай», «Шәкәрім», «Мағжан», «Мұқағали» оқуларынан оқушыларымыз үнемі 1-2-орындарды иеленіп келеді. Спорттық жарыстан 19 оқушымыз дипломдармен марапатталды», -деді Ғалия ханым.
ҚАЗАҚТІЛДІ ОҚУШЫЛАРДЫҢ БІЛІМ САПАСЫ ТУРАЛЫ
35 жыл педагогика саласында жүрген ұстаздан қазақтілді мектептердегі оқу сапасының төмендігіне қатысты айтылатын сынға жауап сұрап көрдік.
«Орыстілді мектептердің «сапасы жоғары» деген қате бір түсінік бар. Менің педагогика саласында жүргеніме 35 жылдан асты. Қазақ мектептерінің орыс мектептерінен кем түскенін көрген емеспін. Қазақтілді балалар менталитеттік ерекшеліктерге байланысты үлкендердің алдында иба-инабат сақтап, ұяңдық танытып жатады. Бірақ оны жасқаншақтық, комплекс деуге келмейді. Білім жағынан қазақтілді балалар орыс мектептерінен еш кем емес, керісінше, қазақ балаларының жауапкершіліктері жоғары. Қай жарысқа апарсаңызда жүлделі орындарды иеленуге ұмтылады, намысшыл, патриот», - деді мектеп директоры.
Ол сөзін жалғай отырып, әлі күнге дейін шетелде жүрген оқушыларым ұстаздар күні мерекесінде түрлі құттықтаулар жіберіп, ыстық ықыластарын білдіріп жататынын мақтанышпен айтып өтті.
«Байқасаңыз, тәуелсіздіктен кейінгі тәрбиеленген балаларымыз ойларын ашық айта алады. Ақпаратты бір жерден ғана емес, бірнеше дереккөзден оқиды, смартфон, компьютерді еркін пайдаланады. Шетелге шығуға, халықаралық олимпиадаларға қатысуға жүрексінбейді. Бір емес, бірнеше тілде еркін сөйлейді. Қазір мектебімізде физика, биология пәндері 8-9 сыныптарға үш тілде оқытылады. Ағылшын апталығында оқушылардың көпшілігінің ағылшын тілінде еркін сөйлеп тұрғанын көремін. Биылдың өзінде ауданымызда бес бірдей мектеп салынып жатыр. «Көш жүре түзеледі» демей ме, алда мектеп жетіспеушілік мәселесі толықтай шешілетініне сеніміміз зор!» - деп аяқтады әңгімесін Ғалия Ақылбекқызы.
Айжан Қалиева, Алматы